Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

27 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

27 July 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 27 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2007 жылы Алматыда «Өмір аллеясы» салтанатты түрде ашылды. Аллеяда өмірді бейнелейтін, тұмсығымен баланы алып ұшып бара жатқан құтанның мүсіні тұрғызылған. Бұл бейнелеу өмірде үлкен ауыртпалық көріп, тағдырдың тәлкегіне түскен жандарға арналған.

2011 жылы «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясы кореялық Консорциуммен бірлесіп, теңіз бұрғылау қондырғысын салуға кірісті. Салтанатты рәсім Маңғыстау облысы Құрық кентінде өтті.

2011 жылы Варшавада «Қобыланды батыр» эпосы поляк тілінде жарыққа шықты. Бұл Польшадағы ҚР дипломатиялық өкілдігінің 9-шы басылымы.

2012 жылы елордалық жас әнші Нұрбол Балапанов Уфа қаласында өткен Халықаралық «Урал моңо-2012» түркі жастары фестивалінде гран-при жеңіп алды. Нұрбол Балапанов – Семей қаласының тумасы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі «Республиканың игілігі» сериясынан номиналы 500 теңгелік «Байқоңыр» естелік монетасын және «Банкноттағы портреттер» сериясынан номиналы 500 теңгелік «Сүйінбай» алтын монетасын айналымға шығарды.

2014 жылы ОҚО мемлекеттік педагогикалық университетінің археологтар тобы Ордабасы ауданында Күлтөбе қорымынан 2000 жыл бұрынғы Қаңлы мемлекетінің 12 тұрғынының мәйітін, тұрмыс заттарын, бағалы әшекейлерін тапты.

2016 жылы Қазақстан монополияға қарсы органы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бәсекелестік жөніндегі комитетіне мүше ретінде қабылданды.

2017 жылы мектепті 12 жасында бітіріп, ҰБТ-дан 117 балл жинаған алматылық вундеркинд Абзал Мырзаш Қазақстан-Британ техникалық университетінен грант алды. Қазақстанның 4 жетекші білім ошағы оқушының үлгерімі туралы естіп, оған тегін білім алуды ұсынған. Солардың ішінде ҚБТУ да болған еді.

2017 жылы Қазақстанда «114 жедел желісінің» ресми сайты (www.114.kz) іске қосылды. Онда азаматтар дін саласына қатысты онлайн-кеңес ала алады. Сайтта дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы өзекті ақпарат, дінге қатысты мақалалар, сұхбаттар мен сарапшылардың пікірлері көрсетілген. «114 жедел желісі» – тек Қазақстанға ғана тиесілі емес, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы жалғыз бастама.

2018 жылы Түркістан қаласы жаңа облыс орталығы атанғандықтан, Түркістанның 721 745 га жері, атап айтқанда, 12 ауылдық округі Кентау қаласының құрамына көшті. Мұндай шешім қос қаланы дамыту мақсатында қабылданып, мемлекеттік органдар тарапынан қолдауға ие болды.

2018 жылы Халықаралық конькимен жүгіру федерациясы (ағыл. International Skating Union – ISU) Қазақстан Республикасы Шорт-тректен әлем кубогінің кезеңін өткізу құқығына ие болғанын ресми түрде растады. Кубокті өткізу үшін Алматы қаласы таңдалды. Қазақстан шорт-тректен әлем кубогінің кезеңін алғаш рет қабылдады.

2020 жылы Физика пәні бойынша Қазақстан құрама командасы алғаш рет 2020 жылғы Еуропадағы физика олимпиадасына қатысты (EuPHO 2020), оның қорытындысы бойынша 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль, сондай-ақ 1 грамота жеңіп алды. Олимпиада қашықтықтан өтті.

Еуропа физика олимпиадасы – бұл ғылымға, танымға және есептерді шешуге мүдделі дарынды оқушыларға арналған физика пәні бойынша халықаралық өңірлік олимпиада.


Keywords: Күнтізбе,
Up