Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

2021 жылы республикалық бюджет кірістері 7 млрд теңгеден асады – ҚР ҰЭМ

5 May 2021 11:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілісте 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамына нақтылау енгізіліп отыр. Макрокөрсеткіштер болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланды.

«Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6 пайызға дейін жетті. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі биыл 4,3% және 6% құрайды. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін жақсарды. Осылайша экономикалық өсім қалпына келу сатысында болады», - деді Ұлттық экономика министрі Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағалануда.

Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің белсенді өсуі есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1 пайыздан 5,2 пайызға дейін жақсарды. Құрылыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің берілуіне байланысты болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсу нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.

Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды көрсеткен.

Инфляция бұрын бекітілген 4-6% дәлізде сақталды.

«Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджет кірістері трансферттерді есепке алмағанда, 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 334 млрд теңге көлемінде болжануда. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанып отыр», - деді Әсет Ерғалиев.


Up