Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

18 миллионнан аса қазақстандық халық санағынан өтті

27 October 2021 17:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 27 қазандағы жағдай бойынша халықты санақпен қамту көрсеткіші 18 111 266 адамға немесе 95,2%-ке жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.

Қамту көрсеткіші бойынша Алматы қаласы көш басында – 108,2%. Яғни, 1 тамыздағы жағдай бойынша мегаполисте тұрақты тұратындардың саны 2 005 496 адамды құраған. Онлайн санақ пен интервьюерлер жүргізген сауалнаманың аралық нәтижелері қазіргі уақытта қалада 2 170 715 респондент бар екенін көрсетті. Сауал салу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Осыған ұқсас жағдай Жамбыл (101,5%), Алматы (101,4%), Түркістан (100,7%) облыстары мен Шымкент (100,6%) қаласында қалыптасты. Бұл өңірлерде де санақ жұмыстары аяқталған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, шара аясында елімізде тұрақты тұрып жатқандардан өзге 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққандар (шетелдегі дипломатиялық корпус пен ҚР өкілдігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері), келісімшарт негізінде бір жылдан кем уақытқа басқа елге кеткен отандастарымыз, өзге мемлекетте «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттер, уақытша шетелге шыққан туристер, уақытша (12 айдан аз) елімізде жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтуде.

Халық санағын өткізу әдістемесіне сәйкес, сауалнама аяқталған соң нақты және тұрғылықты халық саны бойынша ақпарат алынатын болады. Бұл санаттар нені білдіреді?

«Нақты халық» дегеніміз, санақ өткізу кезіндегі белгілі бір елді мекендегі адамдардың санын білдіреді. Бұл санатқа тұрғылықты тұрғындармен қатар, уақытша келгендер мен резидент емес тұлғалар жатқызылады. Яғни, мұнда елді мекенге қонаққа, демалуға, жұмыс бабымен және т. б. мақсатта, сондай-ақ, елде уақытша жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар қамтылады.

«Тұрғылықты халық» деген санатта елді мекенде тұрақты тұрып жүргендермен қатар, уақытша басқа жаққа шығып кеткен азаматтар қамтылады. Олардың қатарына басқа елді мекенге немесе шетелге туыстарына, еңбек демалысына, жұмыс бабымен немесе басқа да себептермен уақытша кеткендер кіреді.

2021 жылғы Ұлттық санақтың негізгі кезеңі Қазақстанда 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өтуде. Қарашаның 8-не дейін санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, нақтылау шаралары қарастырылған. 2021 жылғы халық санағының ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!»


Up