Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

14 June 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 14 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік донорлар күні

2005 жылғы мамырда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында әлемнің денсаулық сақтау министрлері өз еркімен қан тапсыруды қолдау туралы өтінішті қабылдады. Бүкіләлемдік қан тапсырушы күнін жыл сайын маусымның 14-інде өткізіп тұру туралы қарар қабылданды.

Халықаралық блогер күні

Бұл күнді атап өту идеясы 2004 жылы көтерілген. 40 елден 500 адам бірігіп, блогерлердің жеке күні болуы керектігіне бастама жасаған. Осылай желілік блогерлер күні пайда болды. 2007 жылы 14 маусымда өзінің жеке блогы бар әр адам онда шағын ғана хабарлама жазған. Хабарламада бүкіл блогерлер арасындағы салиқалы қарым-қатынас жайлы айтылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Алматыда Ғалымдар үйінде Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың ашылу салтанаты болды. Қор президенті болып ақын Кәкімбек Салықов сайланды.

2007 жылы Сырым Датұлының (1742-1802) бейітін анықтау мақсатында Өзбекстанға барып келген Батыс Қазақстан облысынан шыққан арнайы экспедиция өз байламын білдірді. Арнайы сапар барысында экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, облыстық тарих және археология орталығының директоры, профессор Мұрат Сыдықов бастаған ғалымдар жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Өзбекстандағы Хорезм облысы Гүрлен ауданы орталығынан 9 шақырым жердегі Майлышеңгел елді мекеніндегі бейіт ғылыми тұрғыдан батыр Сырым Датұлынікі екендігі дәлелденді. Экспедиция Сырым Датұлының 265 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Оның құрамына жеті адам кірді, соның ішінде танымал ғалым-өлкетанушылар, тарихшылар, археологтар, Сырым Датұлының ұрпақтары бар.

2008 жылы Испанияның Сарагос қаласында EXPO-2008 көрмесінде Қазақстан павильоны «С» санатындағы 104 елдің арасында ішкі және сыртқы безендіру критерийі бойынша қола жүлдеге ие болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде алғаш рет Астанада осындай іс-шара өткізу керектігі туралы айтты.

2011 жылы Қазақстан аумағында Еуразия экономикалық қоғамдастығының 10 жылдығына арналған көркем марка пошта айналымына түсті. Онда ЕурАзЭҚ логотипі мен қазақ тіліндегі мәтіндік композициясы берілген. Марка офсетті әдіспен 4 түрлі бояуда орындалған, номиналы - 32 теңге, көлемі - 28х30 мм, таралымы - 50 000 дана, суретші - Данияр Мұхамеджанов.

2013 жылы Брюссельде Еуроодақ пен Орталық Азия елдері (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) арасындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші раунды өтті.

2013 жылы Абайдың «Қара сөздер» кітабы алғаш рет поляк тіліне аударылды. Абайдың «Қара сөздерін» поляк тіліне аударған Хенрик Янковски өзіне бұл идеяны жүзеге асыруға ұсыныс жасаған студенттері екенін айтты. Олар аудиторияда слайдтан Абайдың философиялық мұраларымен, материалдармен танысқан екен. Ақырында шәкірттері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған Абайдың «қара сөздері» неге өздерінің ана тілі поляк тілінде жоқ екенін сұрап, қызығушылық танытқан.

2013 жылы Ташкент қаласының орталығында, Шайхантахур ауданындағы Абай және Зульфия хонум көшелерінің қиылысында қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы гуманист Абайға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 9,20 м, қоладан жасалған.

2016 жылы CRIRSCO (Committee for Mineral Reserves International Reporting Standards) халықаралық стандарт комитеті геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар, KAZRC қорлары туралы Қазақстанның жария есептілік кодексін мақұлдады және CRIRSCO халықаралық стандарттар құрамына қабылданды.

2018 жылы Ақмола облысында сақ дәуірінің сирек кездесетін заттары табылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері жер астынан жасөспірім қыздың сүйегін аршып шығарды. Оның жанында алтын бұйымдар болған. Біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырдың қыш ыдыстары да сол орыннан табылды.

2019 жылы Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында алғаш рет елордалық Юрий Пя кардиоклиника дәрігерлері жүрекке аса күрделі ота жасады.


Keywords: Күнтізбе,
Up