Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

1,2 млн адамға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі – Еңбек министрі

10 June 2021 18:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы 1,2 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, пандемиядан туындаған қиындықтарға және өткен жылы қабылданған қажетті шектеу шараларына қарамастан, еңбек нарығының негізгі индикаторлары жағдайдың тұрақтылығын көрсеткен. Бұған халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жедел шаралар ықпал етті.

«Біріншіден, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 650 мыңға жуық адам қамтылды, олардың 319 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 70 мыңнан астам адам қысқа мерзімді курстарда оқыды және 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды», – деді Серік Шәпкенов.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 13 мыңға жуық жеңілдікті мкрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 45 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген. Микрокредит алушылар 13,7 мың қосымша жұмыс орнын ашқан.

«Сондай-ақ, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында 239 мың адам жұмысқа орналасты, олардың көпшілігі – халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздар. Жол картасы арқылы 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылды. Биыл жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаражаттың 42,5%-ы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Шамамен 33,3%-ы – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және 24,2%-ы өңірлерде бизнесті дамытуға және «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микрокредит беруге пайдаланылады. Шамамен 41 мың жұмыс орны ашылады, оның 61 пайызы тұрақты жұмыс болады», - дейді С. Шәпкенов.

Еңбек министрінің айтуынша, жалпы 2021 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 млн адам қамтылады, оның ішінде:

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы - 700 мыңнан астам адам;

- Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында – 41 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде 28 мыңы тұрақты жұмыс орны болады;

- басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.


Up