今日天气
阿斯塔纳 -3 °С
阿拉木图 3 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жауапты хатшыларды қысқарту мемаппараттың жұмысына әсер етпейді – Жайылғанова

18 九月 2020 14:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова министрліктерден жауапты хатшылардың қысқартылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрліктердегі жауапты хатшылардың жұмысы мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, билік вартикальын бекемдейтіні, Президент Әкімшілігінің жеке ведомстволарға бақылауын күшейтіп, министерлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, олардың негізгі күш-қуатын саяси маңызы бар істерге жұмылдырар деп күттік. Сонымен бірге жауапты хатшылар институтының негізгі тапсырмасы – саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан жағдайда мемлекеттік органдардың кадрларының сақталуын қамтамасыз ету еді. Алайда мемлекеттік қызметтегі карьералық модельге ауысуымен бұл құрал өзінің маңыздылығын жоғалтып алды», - деді Анар Жайылғанова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша бұрын жауапты хатшылар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің ұсынуымен және Үкімет басшысының келісімімен тағайындалатын.

«Нормативті-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілгеннен кейін министрліктердегі аппарат басшыларын министрдің өзі Президент жанындағы кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен тағайындайтын болды. Жауапты хатшылар қысқартылғаннан кейін олардың міндеттері аппарат басшыларына беріледі. Аппарат басшыларында «А» корпусының мәртебесі сақталар деген ойдамыз», - деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар Анар Жайылғанова жауапты хатшыларды қысқарту мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтінін мәлім етті.

«Бұл тапсырманы орындау үшін агенттік заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі. Ол осы жылдың соңына дейін қабылданады», - деді ол.


回到顶部