今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Төтенше жағдай: «Даму» қоры қандай көмек көрсетеді

17 一月 2022 13:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Даму» қоры тәртіпсіздіктерден зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарына қандай көмек ұсына алатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 қаңтардағы тапсырмасы бойынша, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық экономика министрлігі тәртіпсіздіктерден зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету бойынша шаралар әзірледі.

Соның аясында Төтенше жағдай кезеңінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыз төлемдерін кейінге қалдыру тәртібі бекітіліп отыр.

Құжат ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылдың 10 қаңтарындағы №8 бұйрығымен бекітілген.

Осы құжатқа сәйкес, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарының мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалар бойынша алған несиелерін субсидиялау және кепілдік беру құралдарын жеңілдетілген тәртіппен бір жұмыс күні ішінде қайта құрылымдауды мақұлдауға дайын екенін хабарлайды.

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша жобаларды қайта құрылымдау кәсіпкерлердің қаржы-шаруашылық қызметін талдаусыз бір жұмыс күні ішінде мақұлдаудан өтеді.

Осы уақыт ішінде өтінім құжаттары жиналып, қайта құрылымдау шарттары мақұлданып, банктерге хат жіберіледі.

«20 млн теңгеге дейінгі шағын несиелердің құжаттары кредиттің мерзімін ұзарту қажет болса және кепілдік мерзімін ұзарту керек болса ғана қордың мақұлдауына жіберіледі», - делінген қордың баспасөз қызметі ұсынған түсіндірмеде.

«Даму» қорының мамандары микро, шағын және орта бизнеске арналған 2022 жылғы субсидиялау және кепілдік беру құралдары жуық арада толық көлемде жалғасатынын айтып отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылы қор 57,7 мың жобаға 2,175 трлн теңге несие берген. Оның ішінде 13,4 мың микрокәсіпкерлік жобаға 75,4 млрд теңге несие жұмсалған.

Субсидияға келсек, 32,3 мың жобаға 1 трлн 598 млрд теңге субсидия төленген.

Оның ішінде COVID-19 пандемиясы кезінде неғұрлым зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау шеңберінде 11 мың жобаның 421,7 млрд теңге несиесі субсидияланған.

17,3 мың жоба бойынша 366 млрд теңгенің несиесіне кепілдік берілді.

8,4 мың жобаға жеңілдетілген қаржыландыру қаражаты есебінен 211 млрд теңге несие бөлінді.

«Қордың өңірлік филиалдарындағы менеджерлер екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарында несие рәмідеп жатқан кәсіпкерлерге online.damu.kz және egov.kz. электрондық порталдары арқылы кешенді қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлер өз өтінімдерін egov.kz және online.damu.kz порталдары арқылы онлайн режимде жібере алады. Сондай-ақ www.damu.kz, www.online.damu.kz сайттары арқылы немесе 1408 бірыңғай Call-орталығы арқылы ақпарат беріледі (қоңырау шалу тегін)», - деп жазады қордың бапсасөз қызметі.


回到顶部