今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да Тәуелсіздік жылдары 1 қала, 10 аудан, 74 ауылдың атауы өзгерген

3 十二月 2021 19:27

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында өңірдегі ономастика мәселесі көтерілді. Өңірде елді мекен атауларының шамамен 36 пайызы ғана қазақша атауға ие екені айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Nur Otan партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында екі мәселе көтерілсе, соның бірі елді мекендердің атауларына қатысты болды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі кафедрасының профессоры Жанар Таласбаева баяндама жасап, облыста ономастика саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Ескі атауларды қал­пына келтіру тарихи әділеттілікті орнату де­генмен бірдей. Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, облыс аумағындағы отаршыл­дық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз. Дегенмен облыста кеңестік саясаттан қалған атаулар әлі басымдық танытады.

Ұлттық ономастикадағы өзгерістер бір жолғы науқан емес, керісінше тарихи уақыт алшақтығы бар, ұзақ мерзімді және мемлекеттік деңгейде қолдауды талап ететін, материалдық қамтамасыз етуді қажет ететін ғылыми, саяси әрі әлеуметтік маңызы бар аса маңызды жұмыс. Бұл кейінге қалдырылатын да іс емес. Әлі де, алды тоқсаннан асып, арты жетпіске таяп қалған көнекөз қарияларымыз бен аға ұрпақ өкілдері баршылық. Олай болса жер-су атаулары жайында ақпаратты тірнектеп жинап, дәлелді фактілермен дәйектеп, ғылыми тұрғыда зерттеп, айналымға түсірген абзал», - дейді профессор.

Өзге ұлттың өкілдері қазақ жеріне аяқ басысымен, сол жерге өз тілдерінде ат қойды. Жер-су атаулары саясатпен ауыстырылды.

«Ғалым Зарқын Тайшыбай елді мекен атауларына байланысты қомақты зерттеу еңбектерімен танымал. Сондай маңызды зерттеулерінің бірі 2015 жылы Сәуле Мәлікова, Кемел Оспанов, Гүлнар Ахметжанова бірге жазған «Атамекен атаулары» кітабы жарық көрген болатын. Белгілі өлкетанушылар Мәлік Мұқанов, Социал Жұмабаев, Қайролла Мұқановтар осы тақырыпқа қалам тартқан. Қызылжар атауына байланысты мәліметтер 2017 жылы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы басып шығарған «Солтүстік Қазақстан облысының тарихи және қазіргі атаулары» деп аталатын материалдар жинағында толық көрсетіледі. 2017 жылы М.Есматова екеуіміздің «Ономастикалық атаулардың тарихы мен лингвистикалық сипаты» деп аталатын монографиямыз бен оқу-әдістемелік құралымыз жарық көрді», - дейді Жанар Таласбаева.

Профессордың сөзіне сүйенсек, 2017 жылы жарыққа шыққан «Солтүстік Қазақстан облысының тарихи және қазіргі атаулары» деп аталатын материалдар жинағында 7 аудан бойынша статистика мәліметтері келтірілген. Мәселен, Мамлют ауданында 44 елді мекен болса, соның тек бесеуі ғана қазақша атауға ие. Шал ақын ауданында 45 атау болса, соның 10-ы ғана қазақша аталған. Қызылжар ауданның құрамына кіретін 19 ауылдық округтің тек екеуі ғана қазақша болса, 17-і, яғни 89,5 %-ы орыс тілінде аталған.

Мамандардың есебінше, қазір СҚО-да 635 ауыл, 5 қала болса, соның 227-сі ғана, яғни 35,7 %-ы қазақша аталған. Ал Тәуелсіздік алғалы 1 қала, 10 аудан, 14 ауылдық округ, 60 ауылдың атауы өзгерген екен.


回到顶部