今日天气
阿斯塔纳 -2 °С
阿拉木图 3 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да лаңкестік пен экстремизмді насихаттаған тұрғын 7 жылға сотталды

18 九月 2020 14:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық сотының үкімімен Тайынша ауданының тұрғынына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Оның лаңкестік пен экстремизмді насихаттағаны дәлелденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының С. Есімді тұрғыны 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың маусымына дейін діни радикалдық бағыттағы фото-видео ақпаратты интернет сайттардан жүктеп, кейін әлеуметтік желідегі өз парақшаларында жариялап, мессенджерлер арқылы басқалармен бөліскен.

«Материалдардың барлығы діни алауыздық тудыруға, лаңкестік пен экстремизмді насихаттауға, қарулы қақтығыстарға қатысуға, соның ішінде «қарулы жиһадқа» шығуға шақырады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сотталушы өз әлеуметтік парақшаларында әркімге қолжетімді діни мазмұндағы роликтерді орналастырғанын мойнына алғанымен, терроризмді насихаттағанын теріске шығарды.

Сотталушының кінәсін дәлелдеу үшін кешенді сот психолого-филологиялық және діни сараптама жасалып, теолог сарапшының пікірі негізге алынды.

Тайынша ауданының 36 жастағы С. Есімді тұрғынының отбасы және қарауында кішкентай балаларының болуы оған артылған қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетті. Алайда сот жаза кесуде қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға әкелер қаупін, сотталушының тұрақты түрде қылмысты жасағанын және істеген ісіне өкінбейтіндігін ескерді.

Петропавл қалалық соты С.-ны кінәлі деп тауып, оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемесінде өтейтін болады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


回到顶部