今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Петропавлда мас күйде көлік жүргізген адам 4,5 жылға сотталды

24 五月 2022 02:45

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көлік басқаруға құқы болмаса да рульге мас күйде отырып, бір адамның өліміне тағы біреуінің ауыр жарақат алуына себепкер болған ер адам 4,5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, сотталған К. бұған дейін мас күйде көлік жүргізгені үшін көлік басқару құқығынан айырылған. Бірақ бұл оған рульге қайта мас күйде отыруға тоқтау салмаған. Салдарынан облыс орталығындағы көшелердің бірінде бағдаршам бағанына соғылды. Жол-көлік оқиғасында бір адам қаза тапты, тағы біреуінің денсаулығына ауыр зақым келді.

Сот отырысында зардап шегушілердің рұқсатымен прокурор мен К.-ның арасында процессуалдық келісім жасалды. Оның талабы бойынша прокурор сотталушыға 4 жыл 6 ай жаза кесуді және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. К.-да өз тарапынан тиісті талаптарды орындады.

Жалпы қылмыстың бұл түріне 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан және өмір бойына белгілі бір лауазымдарға тағайындалу, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру көзделген. Алайда процессуалдық келісімге келген жағдайда максималды жаза ½-ден аспауы керек, яғни 4 жыл 6 ай жаза қарастырылған.

Петропавл қалалық соты К.-ны 4,5 жылға бас бостандығынан және өмір бойына көлік басқару құқығынан айырды. Сотталған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өтейді.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында биыл көлікті қайта мас күйде басқарған 27 адамға қылмыстық іс қозғалып, 10-ы бас бостандығынан айырылғанын айтқан едік.


回到顶部