今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Олимпиадаға дайындықты тоқтатқан емеспіз – Шорт-тректен бас бапкер

27 一月 2022 07:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төрт жылдықтың тартысты додасына санаулы күндер қалды. Еліміздің 32 атлеті спорттың 8 түрінен 82 жолдама жеңіп алды. Оның ішінде Абзал Әжіғалиев, Яна Хан (шорт-трек), Дмитрий Морозов (конькимен жүгіру) – елордалық спортшылар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, жолдама иегерлері қатаң сақтық шарасын сақтай отырып, жаттығуларын жалғастыруда.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев бұған дейін бірнеше мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан тәжірибелі атлет. Әлем чемпионаттары мен Әлем кубогының жеңімпазы. Мемлекет басышысы әлемдік дода алдында спортшыларды қабылдаған сәтінде Абзалға Мемлекеттік туды табыстап, ел мерейін үстем етеді деп сенім білдірді.




Шорт-тректен Қазақстан рекордын жаңартқан Яна Ханға да артылар сенім мол. Жас спортшы өзінің алғашқы Олимпиадасы қарсаңындағы ерекше сезімдерімен бөлісті.

«Олимпиадаға баратын бес спортшының қатарына енгеніме әлі күнге дейін сене алмай отырмын. Ең соңына дейін аралас эстафета бойынша Бейжіңде ел намысын қорғайтынымды білмедім. Жекелей сында жолдама алу үшін маған екі саты жетпей тұр еді. Оның үстіне, бұл менің ересектер арасындағы алғашқы әлем кубогым болатын. Сондықтан қатты қобалжыдым. Шынымды айтсам, Олимпиадаға қатысатыныма әлі сенбей тұрмын. Маған бұл қолжетпес арман еді. Сол арманымның орындалғанына қуаныштымын. Дайындық жақсы өтіп жатыр, негізінен, жылдамдыққа жұмыс істеп жатырмыз. Біз эстафетаға, жігіттер жағы жекелей сынға жаттығуда», - деді Яна.




4-20 ақпан аралығында Қытай астанасында өтетін ақ Олимпиадаға 95 елден 4 мыңға жуық спортшы барады деп жоспарланып отыр. Спорттың 15 түрі бойынша 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

«Біз үлкен жұмыс атқардық. Жоспар бойынша 10 лицензия алуды көздегенбіз. Бірақ бір жолдама кем түсті. Екі лицензияны Ольга Тихонова жеңіп алды. Одан бөлек, екі ер адам, екі әйел адам сынға түсетін қосымша эстафета бар. Аталған эстафетада біздің команда 12-орын иеленді, сол себепті, біздің қыздар командасына тағы бір жолдама берілді. Бұл бәсекеге Яна Хан дайындалуда. Соңғы әлем кубогында ол 500 метрге жүгіруден өте жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартқанын ұмытпау керек», - деді шорт-тректен ҚР командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

Азия мен әлем чемпионатының жеңімпазы Дмитрий Морозов XXIV қысқы Олимпадада 1500 м қашықтықта шеберлігін сынға салады. Бұл қашықтықта Дмитрий сәтті өнер көрсетіп жүр.

Ұлттық құрама 27 қаңтар күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы арқылы аттанады деп жоспарлануда.

«Ерлер арасындағы бәсекеде Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов пен Денис Никиша бақ сынайды. 500 метрге жарысудан үшеуі де сынға түседі. Абзал – команданың көшбасшысы. Біз дайындықты тоқтатқан емеспіз. Бәрі де карантин шараларын сақтауда. Біздің мақсатымыз – ойынға 100 пайыз індеттен сау спортшыларды апару», - деді команданың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.








回到顶部