今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мемлекет басшысы халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесті

3 十二月 2021 15:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында шет мемлекеттердің ірі инвестициялық компаниялары өкілдерімен кездесті.

Жиында Мемлекет басшысы шетелдік инвестициялар Қазақстан дамуының негізгі факторларының біріне айналғанын, сондықтан еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.




– Бұл саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстар бізді Орталық Азиядағы ең ірі, посткеңестік кеңістікте жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналдырды. Тәуелсіздік жылдары шетелден 370 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Мемлекет инвесторларды барлық жағынан қолдауға басымдық береді. Біз әрбір инвесторды жеке әрі кешенді қолдау қағидатын енгіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




Президент тікелей өзі төрағалық ететінін Шетелдік инвесторлар кеңесінің инвесторлармен өзара ықпалдасу үшін негізгі алаң екенін атап өтті.

Нақты секторға тікелей инвестиция тартудан бөлек құнды қағаздар нарығын дамыту мен шетелдік портфельді инвесторларды елге әкелуге ерекше көңіл бөлініп келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақтағы ірі капитал нарығын құрап отырғанын жеткізді.

– Ұлттық банк негізгі қаржылық реттеуші ретінде қор нарықтарын одан әрі дамыту жолында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бұл саланың құқықтық және инфрақұрылымдық бағыты жетілдірілген. Елімізде екі қор биржасы – Алматыдағы KASE және Астана халықаралық қаржы орталығы табысты қызмет атқарып келеді, – деді Мемлекет басшысы.




Президенттің айтуынша, әлемдегі жетекші уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорыны мен қаржы технологиясы бойынша аймақтағы көшбасшы Kaspi.kz IPO-лары капитал нарығының динамикасын арттырып, ілгерілеуіне үлес қосты.




Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

– Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының түрлі саласында, атап айтқанда мұнай-газ, энергетика, инфрақұрылымда 700-ден астам мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз ірі компаниялардың акцияларының ұлттық қор биржаларында тіркелгенін құп көреміз, – деді Мемлекет басшысы.




Президент бүгінгі кездесу қазақстандық капитал нарықтарына шетелдік инвестицияларды көптеп тарту туралы пікір алмасуға тамаша мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осындай келелі жиынды тұрақты түрде өткізудің маңызды екенін атап өтті.




Жиында «Blackrock», «Luxor Capital», «Lugard Road Capital», «Aberdeen Asset Management», «Capital Group», «Sands Capital», «Alameda Research & FTX», «Kingsway Capital» компанияларының жетекшілері сөз сөйледі.








回到顶部