今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжіліс депутаты фосфогипс қалдығын тиімді пайдалануды ұсынды

25 五月 2022 14:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Фосфогипстің үйінділері ерекше экологиялық мәселе болып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мейрамбек Төлепберген мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл облысы аумағындағы «Қазфосфат» ЖШС – Қазақстандағы химия өнеркәсібінің алыбы. Компания өнімдері бүкіл әлемдік сұранысқа ие. Бұл ретте кәсіпорынның тиімділігімен бірге фосфогипс қалдықтары да өсуде. Айта кету керек, фосфогипс қалдық өнім болғанымен, ол – экономикалық тұрғыдан алғанда өте құнды зат. Ауыл шаруашылық топырақтарындағы сортаң, тұздалған жердің балансын қалпына келтіретін мелиорант ретінде белгілі. Ауыл шаруашылығы өнімінің түсімін 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл күндері Тараз қаласының тап қасында, Тараз-Аса бағытындағы жол шетінде тау-тау болып үйіліп жатқан, яғни 14 миллион тонна фосфогипс қалдығы аймақтың экологиялық жай-күйіне елеулі түрде әсер етіп отыр. Жыл сайын оған 2 млн тонна фосфогипс қалдығы қосылады», - деді М.Төлепберген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 2020 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Жамбыл облысындағы экологиялық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасы әзірленген. Онда аталған қалдықты мелиорант ретінде ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болатыны айқындалған. Алайда, Жол картасы бүгіндері жүзеге аспай отыр. Компанияның минералды тыңайтқыштар өндірісінің жоспарлы ұлғаюына байланысты 135 гектар жерге енді үшінші үйінді салу жөнінде жобаға келісілген. Жобалық көлемі 19 млн тоннадан асады. Фосфогипстің үйінділерде тау-тау болып жиналуы 400 мыңға жуық халқы бар Тараз қаласы үшін ерекше экологиялық мәселе болып отыр және қалыптасқан жағдай табиғатты қорғаудың шұғыл қадамдарын қарастыру талабын күшейтеді.

«Қоғамдық мәні зор осы мәселелерді тиісті министрліктердің қатысуымен жан-жақты шешу керек. Біріншіден, өндірістік өнімді тиімді пайдаланудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлерге және фермерлерге тасымалдап жеткізу үшін субсидия есебінен қаржы бөлуді ұйымдастыруды сұраймыз. Екіншіден, өңірде осы өзгеше экологиялық ахуалды жақсартудың барлық амалдарын шұғыл қарастыру керек», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Сенатта Жамбыл облысындағы фосфогипстің мәселесі көтерілген болатын.


回到顶部