今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

5 十二月 2021 11:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан апта ішіндегі кадрлық ауыс-түйістің барлығы өңірлерде орын алды. Атап айтар болсақ, Батыс Қазақстан облысының екі ауданына жаңа әкім тағайындалып, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының сотына жаңа төрағалар келді. ҚазАқпарат апта ішінде осы және өзге де тағайындауларға шолу ұсынады.

Сонымен Солтүстік Қазақстан облысының сотына жаңа төраға тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бұл қызметті Ербол Жанғазин атқарады.

Ербол Жанғазин 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 1995 жылдан бастап Алматы қаласында судья, Алатау аудандық сотының төрағасы, Павлодар облыстық, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы болып жұмыс істеді.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының жаңа төрағасы болып Манат Көміршінов тағайындалды.

Манат Ғалымұлы 1962 жылы 1 сәуірде Талдықорған облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы Қарағанды қаласы Киров аудандық атқару комитетінің инспекторы ретінде бастады. 1990-1993 жылдары Семей облысы прокурорының көмекшісі, аға тергеушісі және жалпы қадағалау бөлімінің прокуроры. 1993-1995 жылдары Семей қаласы Ленин аудандық сотының халық судьясы. 1995-1997 жылдары аралығында Семей қалалық сотының судьясы болды. 2001-2002 жылдары Семей қаласы №2 соты төрағасының міндетін атқарды. 2008-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарды.

Ал осы өңірдің облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы қызметіне Надежда Михейлис келді.

Надежда Федоровна 1988 жылдың 11 сәуiрінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Борсақ ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 2010 жылы жастар іс-тәжірибесі бағдарламасы бойынша Өскемен қалалық жер қатынастары бөлімінде бастады. 2011-2013 жылдары аралығында Ұлан ауданының жер қатынастары бөлімінде хатшы, маман, бас маман болып қызмет еткен. 2014-2018 жылдары ШҚО жер қатынастары басқармасы жер учаскелерін беру және тәркілеу бойынша ұсыныстарды дайындау бөлімінде бас маман және бөлім басшысы болды. 2018-2019 жылдары аталған басқармада әкімшілік бөлімнің басшысы лауазымын атқарған. 2019 жылдың тамыз айынан бастап осы уақытқа дейін Ұлан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы болып еңбек етті.

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып Ирина Смит тағайындалды.

Ирина Федоровна 1972 жылы 8 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Предгорное ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Өскемен педагогикалық институтын бітірген. 1989-1990 жылдары Өскемен педагогикалық институтының лаборанты, педагогика кафедрасының аға препараторы болды. 1995-1998 жылдары қаладағы № 11 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. 1998-1999 жылдары Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, 1999-2001 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары және реформаларды насихаттау бөлімінің жетекші маманы лауазымын атқарған. 2001-2005 жылдары ШҚО ішкі саясат департаменті қоғамдық-саяси жағдайды талдау бөлімінің басшысы. 2005-2011 жылдары аралығында Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат департаменті ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингі бөлімінің басшысы. 2011-2018 жылдары ШҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті. 2018-2020 жылдары аталған басқарманың басшысы болды. 2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымында еңбек еткен.

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданының әкімі болып Бауыржан Айтмағамбетов тағайындалды.

Бауыржан Есқайырұлы 1981 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін жол қозғалысын ұйымдастыру және құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Әр жылдары «Жайық Строй сервис» ЖШС-нің менеджері, Тасқала ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері бойынша бас маманы, Тасқала ауданы, Мереке ауылдық округінің әкімі, Тасқала ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс жасады. 2020 жылдан бастап БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Сондай-ақ осы облыстың Теректі ауданы әкімі қызметіне Тілекқабыл Ғабдушев келді.

Тілекқабыл Александрұлы 1979 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі - жоғары. Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тарих пәні мұғалімі және экономика және бизнес магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Орал қаласындағы 19-мектепте мұғалім, Ақжайық аудандық білім беру бөлімінде бас маман, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары, Ақжайық ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы болып жұмыс жасады. 2016 жылдан бастап бүгінге дейін Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.


回到顶部