今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақ тарихын ағылшын тілінде жазатын ғалымдардың шығатынына сенеміз – Көшербаев

15 十月 2021 13:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тарих ғылымының басты миссияларының бірі – халықты әлемге таныту. Таңдаулы еңбектердің ағылшын тіліне аударылуына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы тиіс. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі кезде қазақ тарихының қазақ тарихшылары көзімен зерттеле бастағаны, қазақ тарихының қазақша жазылып жүргені жақсы үрдіс. Сонымен бірге, тарих ғылымының басты миссияларының бірі – халықты әлемге таныту екенін де естен шығаруға болмайды. Бұл орайда орыс тіліне жазылып немесе орыс тіліне аударылып, кеңестен кейінгі кеңістікке тарайтын тарихи еңбектердің күрт азайып кеткеніне алаңдау білдіру жөн. Олардың таңдаулылары ағылшын тіліне аударылуына да мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы тиіс. Бірте-бірте зерттеулерін тікелей ағылшын тілінде жазатын ғалымдардың да шығатынына кәміл сенеміз», - деді Мемлекеттік хатшы белгілі ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдығына арналған «Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы» атты халықаралық конференцияда.

Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл жөнінде арнайы айтқанын, осыған байланысты редакция алқасын құрып, жұмыс топтарын жасақтап, нақты мерзімін белгілеп, қаржыландыру тетіктерін жасап, тез арада іске кірісу қажеттігін баса айтты.

«Ресей ғылым академиясының Н. Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты «Народы и культуры» сериясымен ТМД кеңістігіндегі этностарға арналған көлемді зерттеу еңбектерін жүйелі түрде жариялап келеді. Өзімізге жақын түркітілдес халықтарды атап өтсек, олардың арасында «Узбеки», «Кыргызы», «Башикири», «Тюркские народы Крыма», «Тюркские народы Сибири», «Туркмены», «Татары», «Азербайджанцы» томдары жарық көргенін айта аламын. Бұл сериямен 2019 жылы «Казахи» атты кітабы да шықты. Егер мамандар бұл еңбектің сапасын жақсы деп бағалап жатса, оны ағылшын тіліне аударуды да тиісті жолмен ойластырған дұрыс болады. Жалпы айтқанда, Қазақстан тарихы қайта қарауды, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Ал оны іске асыру – тарихшыларымыздың басты міндеті, ортақ іске сәттілік тілеймін», - деді Мемлекеттік хатшы.

Бұған дейін Қырымбек Көшербаев Қазақстан тарихын зерттеудегі келелі мәселелерді атаған еді.


回到顶部