今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қарағанды облысында 4 мыңға жуық үй газбен қамтылады

25 一月 2022 18:39

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда екінші кезектегі газ құбыры іске қосылады.

Қазір Саран қаласында құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс аяқталғанда төрт мыңға жуық үйге көгілдір отын берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов биылғы жылға жоспарланған міндеттер туралы айтып берді.

- Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің тарифтерін көтеруге мораторий енгізілді. Тарифтер қалай тежелмек ?

- Иә, тарифтерді көтеруге қатысты қаралып жатқан барлық өтінімдер тоқтатылды. Алдағы алты айда тариф қымбаттамайды. Сондай-ақ, облыста су беру, сарқынды суларды бұру, жылу және электр қуатымен жабдықтау қызметтері бойынша тарифтің өсуіне жол бермеу үшін тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтер енгізілді.




- Облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды. Тұрғындарды электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге ЖЭО қуаты жеткілікті ме ?

- Бізде 8 станция, 72 қазандық және 693 автономды жылыту жүйесі бар. Өткен жылы Шаханда жаңа қазандық іске қосылып, Балқашта Қоңырат шағын ауданына арналған жылу магистралі салынды. Жезқазғанда бірінші магистраль аяқталып, қазір екіншісінің құрылысы жүріп жатыр. Саран қаласында орталықтандырылған қазандық салу жоспарланған. Жылумен жабдықтау тапшылығын шешу үшін болашақта Қарағанды қаласының орталығы – Оңтүстік-Шығыста (ЖЭО-3) үшінші жылу құбырының құрылысы басталады.

- Жылу электр орталықтарын жаңғырту жоспарда бар ма және жылу желілері ауыстырыла ма ?

- Жылу электр станцияларын дамыту және жаңғырту іс-шаралары жыл сайын жүргізіледі. Мәселен, қазір Теміртаудағы ЖЭО-2-де жетінші қазандық салынып жатыр. Балқаш ЖЭО-да бесінші қазандық агрегаты бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алынды. Топар ГРЭС-інде жаңа турбина салына бастады. Тұрақты жылыту маусымын өткізу үшін Қарағанды ЖЭО-3 №3 күл үйіндісінің құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ, жылу магистральдарын да жоспарлы түрде ауыстыруға тырысамыз. Өткен жылы облыс бойынша 19 км негізгі желі ауыстырылды. 2022 жылы 20 шақырымнан астамын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте магистральдың өткізу қабілетін арттыру көзделеді. Сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін құбырлардың диаметрін арттыру қажет. Балқашта 1-ші және 2-ші магистральдарды жаңарту жалғастырылады. Шамамен 4 км құбыр ауыстырылады.

Айта кету керек, Ермеков көшесіндегі жылу желілері де жаңартылады. Ал 2021 жылы Бобруйская көшесіндегі бес үй орталық жылуға қосылған болатын.

- Пришахтинскідегі Шахтерский кентінің тұрғындары орталық жылуға қашан қосылады ?

- Бұл – күн тәртібіндегі мәселе, бақылауда ұстап отырмыз. Ол жерде қалып тұрғаны - орамдық желілер мен ішкі ажырату жұмыстары. Осы орайда, тұрғындармен кездесіп, жаңғырту бағдарламасына қатысу қажеттілігін түсіндіреміз.

- Биыл облысты газбен қамту бойынша қандай жоспарлар бар, газ құбырына қай қалалар мен аудандар қосыла алады?

- Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларындағы екінші іске қосу кешендері бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Бұл төрт мыңға жуық үйді газбен қамтуға мүмкіндік береді. Содан кейін бірден үшінші кешенге кірісеміз. Айта кетер болсақ, Қарағандыда Бұқар жырау даңғылымен жүріп, Қ.Сәтбаев, Қ.Аманжолов, Волгодонская көшелерімен өтеді.

Осы орайда, тұрғындар үшін жағымды ақпаратты жеткізсем деймін, тұтынушыларға есептеу құралы тегін беріледі. Сондай-ақ, газ құбырын үйге қарай тартуға қажетті қаражатты банктерден бөліп төлеуге рәсімдеу мүмкіндігі бар.




Сонымен қатар, Саран қаласында газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде 18 шақырымның 15-і тартылды. Ал, Шахтинск қаласы, Жаңаарқа және Осакаров кенттерін газдандыру бойынша қосымша жобалық-сметалық құжаттамалар дайын. Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті, Шет ауданы және Ғабиден Мұстафин кенті бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

- Ауылдық аймақтарды сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса ма ?

- Биыл қала халқының 98,5%-ын және ауылдардың 91%-ын сумен жабдықтауға қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2025 жылға қарай облыс 100% ауыз сумен қамтылуы тиіс.

Осы жылы облыс бойынша 28 жоба іске асырылады. Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет, Осакаров және Нұра аудандарының кенттері мен ауылдары қамтылады. Сондай-ақ, Сұрыптаудағы су құбыры желілерін жаңарту аяқталады. Шахтинск, Балқаш, Қарағанды және Жезқазған қалаларындағы су құбыры магистральдары бойынша жұмысты жалғастырамыз.

Әрбір үйге сапалы су жеткізу міндеті тұр. Бірақ адамдар бұл ауыз су екенін түсінуі керек. Жазда бау-бақша суару басталады. Ол да керек. Дегенмен, үнемдеуге мән беруіміз қажет.




- Сумен жабдықтау сапасы жақсарып келеді, бірақ тағы бір сұрақ бар, кәріз желілері мен тазарту құрылыстарына қатысты жағдай қалай ?

- Биыл Дубовкада кәріз желілерінің құрылысы басталады. Теміртау қаласында 7-ші және 8-ші шағын аудандарда су бұру жұмыстарын жалғастырамыз. Ақтоғай мен Қарағайлы аудандарында тазарту құрылғылары бар желілердің құрылысына кірісеміз. Қаражал мен Жәйремге арналған жобалар әзірленді. Сондай-ақ, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев және Қарағандыда тазарту құрылыстарын салуға және реконструкциялауға техникалық-экономикалық негіздеме дайындалады. Жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылады, себебі жобалар өте қымбат. Бір тазарту қондырғысының құны 3 млрд. теңгеден бастап, 7 млрд. теңгеге дейін жетеді.







- Қоқыс тарифі көтерілгеннен кейін тұтынушылар тарапынан қызмет көрсетуге қатысты шағымдар азайып келеді. Осы жылы қандай да бір өзгерістер бола ма ?

- Бұл бағытта айтарлықтай жоспарлар жоқ. Барлығы тұрақты. Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен шығаруды 31 мамандандырылған ұйым жүзеге асырады. Олардың барлығы қажетті техникамен жабдықталған. ТҚҚ күн сайын маршруттық кестеге сәйкес шығарылады.

Облыс бойынша ТҚҚ жинауға арналған 13 мыңнан астам контейнер бар, құрамында сынабы бар шамдарға арналған қоқыс жәшіктері – 60 дана, пластик үшін 111 контейнер орнатылды.

Қоқысқа арналған контейнерлік алаңдар салынды. Біздің міндетіміз – оларды тиісті жағдайда ұстау.

- Ал облыста «жасыл» энергетиканы дамыту жағы қалай ?

- Қазір облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша 8 қондырғы жұмыс істейді. Жалпы қуаты - шамамен 230 МВт. 2023 жылға дейін жалпы қуаты 200 МВт-тан асатын тағы 4 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.




- Күнделікті шаруаны да, алдағы жоспарларды да атқаратын мамандар ғой. Бұл ретте салада проблема бар ма ?

- Әрине. Жалақы аз, сондықтан маман тұрақтамайды. Тапжылмастан жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер де бар. Олар - өз жұмысының жауапкершілігін түсінетін адамдар. Біз оларды қолдауға тырысамыз. Мысалы, қоқыс тарифін көтеру арқылы жұмысшылардың жалақысын көбейтуге де мүмкіндік пайда болды. Коммуналдық сала қызметкерлері ештеңеге қарамастан жұмысын тоқтатпайтын мамандар қатарынан саналады. Жуырдағы оқиғалар кезінде де әдеттегідей жұмыста жүрді. Жылу, су мен жарық уақытында беріліп, қоқыс шығарылып тұрды. Осындай еселі еңбектері үшін оларға көп рахмет!

- Рахмет. Сұхбатыңызға да рахмет!


回到顶部