今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ІІМ жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталғандардың құқығы тапталмайтынын мәлімдеді

22 一月 2022 18:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған азаматтардың құқығы заң аясында қорғалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір апта ішінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл еліміздің 12 өңірінде тергеуге алынып, қамалғандарды ұстау жағдайын тексерді. Атап айтқанда 12 тергеу изоляторы, 67 УҰИ және АПБ арнайы үй-жайына барды. Одан басқа, прокуратура заңдылықтың қамтамасыз етілуін үздіксіз қадағалап отыр. Тағы бір еске салғым келетіні - тергеу мекемесіне жеткізілген барлық адам міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда оларға тиісті ем-дом тағайындалады», - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі стационарлық емдеу қажет болған жағдайда пациент ауруханаға жіберілетінін айтты.

«Құрметті қазақстандықтар, комитетте және барлық өңірлік департаменттерде call-орталық жұмыс істейді. Орталыққа хабарласу арқылы сіз қамауға алынған адамдар туралы және өзге ақпаратты ала аласыз. Адвокаттардың осы орталық арқылы мәлімет алу мүмкіндігі бар. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға қатысты барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін комитет басшысының орынбасары тәртіпсіздік кезінде қамауға алынған 31 адамның ауруханада емделіп жатқанын мәлімдеген болатын.


回到顶部