今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елорданың білім беру ұйымдарында санитарлық талаптың сақталуы талқыланды

15 十月 2021 15:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі коронавирус пандемиясына байланысты білім беру ұйымдарында санитарлық талаптың сақталуы, қауіпсіздік камераларының орнатылуы және өзге де мәселелерге қатысты онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларымен ұйымдарда және оған жақын аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйелерін толығымен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу, COVID-19-дың алдын алу және оның таралуына жол бермеу үшін күнделікті санитарлық-профилактикалық шараларды күшейту мәселелері талқыланды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы басты міндет екенін айрықша атап өтті.

«Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының 68% астамы КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. Толық иммундаудан 405 мың азамат өтті. Бүгінде елордада вакцинация пунктері 36 медициналық мекемеде, 5 сауда орталығы мен теміржол вокзалдарында және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ұйымдастырылған. Бұл шаралардың бәрі халыққа екпе алуға ыңғайлы болу үшін қабылданып жатыр», - деді А. Оралов.

Жиын барысында білім беру ұйымдарындағы «Ashyq» қосымшасы режимінің сақталуы және қызметкерлердің вакциналану статусы, дезинфекциялау режимінің, маска режимі және әлеуметтік қашықтықтың сақталуы сөз етілді. Сол сияқты оқу процесінде студенттерге коронавирустан қорғау жүйелері, яғни термометрлерді, рецеркуляторларды, санитайзерлерді және жеке қорғаныс құралдарын қолданудың маңызды екеніне назар аударту, жатақханаларда эпидемияға қарсы шаралар кешенін тұрақты жүргізу, тұрғын жайларды үнемі желдету, жатақханаларда тұратындардың байланысын барынша азайту мәселесі талқыланды.

Осыған байланысты білім беру ұйымдарының әкімшілігіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфекцияның таралуын болдырмау шараларын күшейту тапсырылды. Тиісті тексерулерді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер ары қарай да жалғастырады.


回到顶部