今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Депутат жаппай ереуілге қатысқандарды ұстау жайлы: Асыра сілтеу болып жатқан тәрізді

22 一月 2022 11:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жаппай ереуілге қатысып, қамауға алынған азаматтардың өміріне алаңдатушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жан-жақтан азаматтар қаңтар оқиғаларынан кейін түзету мекемелеріне түскен кісілерге қинау, азаптау әдістерінің қолданып жатқанын жеткізіп жатыр. Әрине, бізге шындыққа жету керек. Мемлекеттік тұтастығымызды сақтаудың тетіктерін жасау өте маңызды. Заң мен тәртіп сол тұтқаның бірегейі. Бірақ, шындыққа жаппай ұрып-соғумен, қинаумен жету мүмкін емес. Асыра сілтеу болып жатқан тәрізді», - деп жазды Ерлан Саиров Facebook парақшасында.

Халық қалаулысының пікірінше, құқық қорғау орындары күш көрсету әдісін қолданбауы керек.

«Онда отырған кісілер біздің азаматтар, қазақ екендігін, «біреуге бауыр, біреуге аға» болатындығын, сыртқы, ішкі күштердің айдағына ілесіп кетуі мүмкін екендігін ескеруіміз қажет. «Адасқан жандарға» мемлекет өзінің гуманизмін көрсетуі абзал. Әрине, қолына қару алып мемлекеттік мекемелерге оқ атқан, дүкен тонағандар заң жүзінде қатаң жазасын алуы керек. Заң қатал, бірақ ол заң. Заң мен тәртіп - мемлекеттің басты фундаменті. Бірақ, ұрып-соғу, қинау, азаматтық құқықты таптауға жол беруге болмайды. Бізге қазір кешірім, мейірім, бауырластық сезімін күшейтетін қадамдар өте қажет», - дейді ол.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты аталған мәселе бойынша құзырлы органдарға сауал жолдайтынын айтты.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев митингте ұсталғандар жайлы: Жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болмаса жазаны жеңілдеткен жөн деген еді.

Одан бөлек, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бейбіт демонстрацияға қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керектігін айтты.


回到顶部