今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҰҰ басшысы Қазақстан Президентіне алғыс білдірді

25 九月 2021 10:41

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясына қатысу шеңберінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Антониу Гутерриш Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі БҰҰ миссиясының қашықтағы кеңсесін Алматыда орналастыру туралы шешім қабылдағаны үшін Қазақстан Президентіне алғысын білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Ол біздің еліміз тұрақтылықтың символы және көпжақтылықты ұстанудың үлгісі болып табылатынын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның бұл шешімін біз тек көмек ретінде қана бағаламаймыз. Сіз БҰҰ мен Қазақстан арасындағы тамаша қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін дипломатиялық бауырластықтың шынайы рухын көрсеттіңіз», - деді А.Гутерриш. Өз кезегінде Министр Президент Қ.Тоқаевтың БҰҰ-ның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру жөніндегі бастамасының іске асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.




Сол күні Министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - Контртеррористік басқарма басшысы Владимир Воронковпен келіссөздер жүргізді. Қазақстандық тарап Ауғанстандағы террористік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша олардың әлеуетін нығайту үшін Орталық Азия өңірі елдеріне техникалық жәрдемдесу бағдарламалары туралы хабардар етілді.

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер және әлем құрылысы жөніндегі орынбасары Розмари Дикарломен кездесуде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен бірлескен күш-жігер талқыланды.

М.Тілеуберді БҰҰ Бас Хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары Изуми Накамицу және Жаһандық коммуникациялар жөніндегі орынбасары Мелисса Флемингпен бірге БҰҰ штаб-пәтерінде Семей ядролық сынақ полигонының тарихи жабылуы туралы тұрақты экспозицияның ашылуына қатысып, Президент Н.Назарбаевтың полигонды 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығының көшірмесін сыйға тартты.

Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Филиппин Сыртқы істер министрі Теодоро Локсин және Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Кристодулидеспен кездесіп, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс режимінде АҚШ-тың USAID Халықаралық даму агенттігінің әкімшісі Саманта Пауэрмен келіссөздер жүргізді.


























回到顶部