今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл Маңғыстау фермерлері жем-шөппен қалай қамтылады

27 五月 2022 13:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау облысын жем-шөппен қамтамасыз ету шешімдері жайында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы 29 сәуірде Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы жануарларын мал азығымен және жайылыммен қамту мәселелерін шешу жөнінде кеңес өтті. Жиынға Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері қатысты. Кеңес соңында Маңғыстау облысының әкімдігіне тиісті ұсыныстар жасалды», - деп атап өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ҚазАқпаратқа берген мәліметінде.

Атап айтқанда, 2022 жылдың қаңтарында 15 жүйелі іс-шараны көздейтін жем-шөп саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

«Бұл тұрғыда аталған өңір әкімдігіне Жол картасының іс-шараларын орындау бойынша жұмысты жандандыру, жайылымдарды басқару жоспарлары аясында Жамбыл облысының ЖҚШ ауыл шаруашылығы малдарын жайылымдармен қамтамасыз ету жөніндегі тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлу арқылы мал шаруашылығын дамытудың облыстық бағдарламасын әзірлеу ұсынылды. Мұнымен қоса, мал азығы өндірісі бойынша жобалар құруды пысықтау, жем-жөп дақылдары алаңдарын ұлғайту, шабындық бригадаларын құру және олардың көршілес облыстарға шығуын ұйымдастыру мәселелері ескерілді», - делінген ведомство ақпаратында.

Сонымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдіктеріне жем-шөп дайындау мен ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін Маңғыстау облысына жер бөліп беруге жәрдемдесу мәселесін пысықтау ұсынысы жасалды.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі табиғат қорғау аймақтарында шөп шабу үшін барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Маңғыстау облысындағы мал өсіретін шаруашылықтарға арзандатылған бағамен 5 000 тонна бидай кебегін жеткізу туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл кейбір оңтүстік өңірлерде, сонымен қатар Маңғыстау облысында құрғақшылық болуы ықтимал.

Жақында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал шаруашылығын дамытудағы тежеуші фактор ретінде жем-шөп базасының жеткіліксіздігін айтқан еді.


回到顶部