今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау кейінге шегерілді

24 五月 2022 17:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінім беру уақыты шегерілді. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша азаматтардан өтінім қабылдауды шамамен 15 маусымнан бастағалы отырмыз. Бұған дейін БАҚ арқылы аталған бағдарламаға қатысуға құжат қабылдау 1 маусымнан басталады деп жариялағанбыз. Дегенмен қазіргі уақытта тұрғын үй төлемдерін субсидиялау жобасына басымдық беріліп жатыр. Сондықтан да осы жобаны аяқтап барып, «Бақытты отбасы» бағдарламасын бастауды жөн көрдік»,- деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 51 млрд теңге бөлінді.

«Биылғы жоспарға сәйкес бұл бағдарлама арқылы 5 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Сондай-ақ осы жылы бағдарламаға қатысушылардың саны артады деп болжап отырмыз», - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау мамыр айында басталатыны хабарланған еді.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында 3 мың қазақстандыққа жалдамалы баспана үшін субсидия беру мақұлданғаны да айтылды.

Қазақстанда барлығы 608 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж.


回到顶部