今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету тетігі жетілдіріліп жатыр

6 十二月 2021 14:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - министрлігі әзірлеген тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заң жобасының жаңа редакциясы Парламент қарауында. Мамандар жаңартылған құжатта практикалық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы тетікті жақсарту шараларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің 2018 жылғы механизмі де тиімді болды.

Мәселен, үш жыл ішінде он екі мыңнан астам әскери қызметші үй алып, отбасылары бақытқа кенеліп, жаңа үйлерге қоныс аударғанын атауға болады.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі қарапайым, яғни қаражат әскери қызметшінің жеке арнайы шотына аударылады және оның көлемі отбасы мүшелерінің санына, сондай-ақ қай аймақта қызмет етуіне байланысты.

Шотқа түскен қаражатты тұрғын үй сатып алуға да, жалға алуға да пайдалануға болады.

«Заңға түзетулер енгізуді қажет ететін негізгі тармақ – тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіру. Бұл өзгертулер еңбек өтілі 10 жылдан асқан әскери қызметшілерге қалдық құнына сәйкес жекешелендіруге жататын тұрғын үйді өз меншігіне ресімдеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Осы уақытқа дейін әскери қызметшілер 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметтегі өтілі 10 жыл не одан да көп, сондай-ақ еңбек өтілі жоқ әскери қызметшілер болып екі санатқа бөлінді.

Сонымен қатар тұрғын үйді қалдық құны бойынша тек бірінші санаттағы әскери қызметшілер ғана жекешелендіре алды.

Заңның жаңа редакциясында 2013 жылғы 1 қаңтарға байланыстыру алынып тасталды.

Бірқатар түзетулер мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған әскери қызметшілерге қатысты болып отыр.

Олардың 10 және одан да көп жыл әскери қызмет атқарғандарға тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын беру ұсынылады.

Заңға енгізілетін түзетулер қатарында «Модульдік мобильді тұрғын үй» ұғымын бекіту де бар.

Тұрғын үй жетіспейтін, оны жалға алу мүмкіндігі жоқ гарнизондардағы жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда жылжымалы тұрғын үйлерді орнату жоспарланып отыр.

Өзгерістерді қажет ететін тағы бір маңызды мәселе – жекешелендіру құқығының ауысуы.

М. Таласовтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі заңнамаға енгізуді ұсынып отырған түзетулер әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы Күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құқықты оның отбасы мүшелеріне беруді қарастырады.

Тұрғын үй заңнамасына енгізілген жаңа ережелер әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге және Қазақстан армиясындағы әскери қызметтің болмысын нығайтуға бағытталған.


回到顶部