今日天气
阿斯塔纳 -3 °С
阿拉木图 3 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұз тым жұқа: СҚО-да Шоқыну мерекесі қарсаңында ескерту жарияланды

17 一月 2020 21:09

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар православ христиандарының Шоқыну мерекесіне орай тұрғындарды мұз үстіне топталып шықпауды ескертті. Себебі биыл су бетіне қатқан мұздың қалыңдығы небәрі 10-25 см аспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шоқыну мейрамына орай 19 қаңтар күні СҚО-да суға шомылатын 42 орын болады. Бұл жерлерде тек облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ғана 59 маманы мен 25 техникасы кезекшілік атқарады. Бұдан басқа жергілікті атқарушы орган өкілдері мен жедел жәрдем қызметі мамандары жағдайды бақыламақ.

«Жылдағымен салыстырғанда биыл облыс аумағындағы өзен-көлдерде мұздың қалыңдығы өте жұқа. Орта есеппен 10-25 см ғана. Бұрын бұл уақытта ең кемінде 40 см болатын. Осыған байланысты мұз үстіне көп адамның бір мезгілде шығуына қатаң тыйым салынады. Мұздың салмақты көтермей жарылып кету қаупі бар», - дейді СҚО ТЖД басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр мейрамға байланысты өңірде арнайы жабдықталған 35 орын әзірленді. Мұздай суға сүңгуге 35 мың адам жиналған. Биыл шамамен 50 мыңға жуық адам келеді деген болжам бар.

«Бұл күні шомылумен қатар барлығы шіркеу қызметкерлері арнайы дайындаған жерлерден су алады. Осы су алу кезінде де қауіпсіздік шараларын сақтаған дұрыс. Біз биылғы мұздың жұқа болуына байланысты су алатын жерлерге тақтайдан жолдар жасаймыз. Сол жолдан сыртқа шықпау керек», - дейді Ерік Сарыбаев.

ТЖД мамандарының мәліметінше, соңғы бес жылда бұл мейрамда жарақат алағандар тіркелмеген.


回到顶部