今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрлық жасаған жігіттің бас бостандығы шектелді

16 五月 2022 18:47

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрлық жасаған сотталушыға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, сот залынан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, қаңтар айының 6-сынан 7-сіне қараған түні қарағандылық 23 жасар азамат Maxima ойын-сауық кешенінің жанынан өтіп бара жатқанда, терезелерінің сынғанын көрген.

«Сотталушы кешеннің ішіне кіріп, екінші қабаттағы Prato дүкенінен құны 33 333 теңгелік Iphone-6 маркалы ұялы телефонын, кейін Monamie дүкенінен құны 30 351 теңге Dior иіс суының екі құтысын ұрлаған. Сотпен бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша ұрлық, яғни, қоймаға заңсыз кіру арқылы бірнеше рет жасалған бөтеннің мүлкін жымқыру деп танылды. Сотталушы өз кінәсін мойындап, басқа адамдардың дүкендерден зат алып жатқанын көрген соң өзі де кіріп, тауарды ұрлағанын алға тартты. Ал Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот оның жастығын, кінәсін мойындағанын, шын ниетпен өкінгенін және бірінші соттылығын ескере отырып, минималды екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», - делінеді қалалық соттың таратқан хабарламасында.

Сотталушы азамат сот залында қамаудан босатылды. Оның күзетпен ұсталған уақытының бір күні бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні есебімен есепке жатқызылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін қаңтар оқиғасында 150 адам ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін, жауапқа тартылған 275 адамның 31-і сотталғаны және қаңтар оқиғасы бойынша 12 күдікті қамаудан босатылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.


回到顶部