今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Абай жоғары бағалаған Марабай жырау кеңінен зерттелуі керек – ғалымдар пікірі

14 九月 2021 17:21

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Абай жоғары бағалаған Марабай жырау кеңінен зерттелуі керек. Эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына арналған «Марабай тағылымы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда ғалымдар осындай тоқтамға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Достық үйінде өткен жиынды ашқан БҚО мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов Марабайдай ұлы дала жыршысының мұрасы бұдан былай да насихаттала беретінін жеткізді.

Марабайдың қазақ тарихында алар орны ерекше. Ұлы Абайдың өзі «Қазақта Марабайдан артық ақыңды мен білген емеспін» дегені мәлім.

Биыл Батыс Қазақстан облысында Марабайды зерттеуге байланысты біраз қадам жасалып, арнайы топ ел ішін аралап қайтты.




Осы топ құрамында болған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Сәдірдің конференцияда мәлім еткеніндей, Марабайдың әкесінің есімі үш түрлі аталып келеді.

Құлжабайдан басқа Құлбай аты жиі кездеседі. Белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллин жазған еңбекте және басқа көптеген деректерде Марабай Құлбайұлы делінеді. Марабайдың өзі де өлеңінде Құлбай деп келтірген. Ал шежіреде айтылатын Зейнолла есімі күмәнді. Сондықтан жыршының әкесінің есімі жөнінде ғалымдар бір тоқтамға келуі керек.

Екіншіден, жыршының туған жері Теректі ауданы делінгенімен, бұл әлі нақтылай түсуді қажет етеді. Өйткені Жаңақоныс елді мекені кейін Бөрлі ауданының қарамағына берілген. Марабай тұрған Көбен көл де қазір Бөрлі ауданы аумағындағы Қарашығанақ болысында жатқаны 1914 жылғы картадан көрініп тұр. Сондықтан Марабайдың туған жері бұрынғы Теректі, қазіргі Бөрлі ауданы десе, шындыққа жанасады.

Үшіншіден, Марабай жыраудың туған жылы жөнінде де түрлі жорамал айтылады. Сондай-ақ Марабайдың «Ер Тарғын» мен «Қобыланды батырдан» басқа «Қыз Жібек» дастанын жырлағаны жөнінде дерек бар.

Міне, осының бәрі біріздендіруді қажет етеді.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Роза Мұхамбетқалиева Марабай жырлаған дастандардың көркемдік деңгейінің жоғары екендігіне тоқталды. Мысалы, «Қобыланды батырдың» 29 нұсқасы болса, соның ішінде ең көркемі Марабайдікі екендігі күмән туғызбаса керек.

Конференцияда сондай-ақ белгілі жыршы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, өнер зерттеушісі Алмас Алматов, Ақтау қаласынан келген филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова Қазақстандағы жыршылық өнердің арғы-бергі тарихы мен қазіргі жай-күйі жөнінде келелі әңгіме қозғады.




«Қазақтың жыршылық өнерін зерттеуде еліміздің батыс өңірін (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарын) бір-бірінен бөлмей, тұтас қарастыру керек. Ильминскийдің Орынборда Марабай жыраумен кездесіп, «Ер Тарғын» жырын жазып алғаны мәлім.

Сондықтан Орынборға арнайы экспедиция ұйымдастырып, архивті қарап, тереңірек зерттеу қажет», деді Алматыдан келген фольклортанушы ғалым, танымал жыршы Берік Жүсіпов.

Сол секілді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан универитеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, жыршы, өнертанушы Күнқожа Қайролла Марабай мұрасын кеңінен насихаттауға байланысты өз ой-толғамдарын білдірді.

Батыс Қазақстанда Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына арналған шаралар жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына орай бірқатар шара өтетінін жазған болатынбыз.





回到顶部