今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

90-шы жылдардағыдай: Елордалық депутаттар такси қызметін сынға алды

2 十二月 2021 23:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қалалық мәслихат депутаттары елордадағы такси қызметінің сапасы сын көтермейтінін алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Такси - өзіміз ғана емес, елордаға шетелден келетін қонақтар да қолданатын көлік түрі. Бүгінде жағдайы өте нашар. Біз басқа елдерге барғанда такси қызметінің қалай жұмыс істейтінін көріп жүрміз. Біздегі тасымалдаушылардың өзі толық ресми емес. Әуежайдан шыққанда таксометр қызметі жоқ. Баяғы 90-жылдардағыдай «такси, такси» деп біреулер айқайлап тұрады. Бұл - елорданың деңгейі емес», - деді қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев.

Сондай-ақ, халық қалаулылары елордада такси қызметіне бақылау жоқтығын алға тартты.

«Такси бойынша проблема бар. Және проблема астананың ажарын ашып тұрған жоқ. Шетелден келген қонақтар бұл мәселеге жиі тап болып жүр. Кейде тіпті Кеңес заманы өзгермеген секілді. Әрине, таксилетіп күн көріп жүрген азаматтарды да ойлау керек. Сондықтан мәселені жүйелі қарастыру керек, халықаралық тәжірибені де ескерген жөн», - дейді депутат Азамат Айтғожин.

Одан бөлек, депутаттар такси қызметін дамытудың тұжырымдамасын түзу керектігін айтып өтті.

Аталған мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев пікір білдірді.

«Қазір біз ресми такси қызметіне арнайы киім сатып алуға, таксометр және әрбір автомобильде болуы тиіс басқа да қажетті заттарды орнатуға уақыт бердік. Бұл жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ, біз қалалық инвестициялар және даму басқармасынан такси компанияларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша қаржыландыруды қолға алғымыз келіп отыр. Өз қарамағымызға алсақ, қаладағы такси қызметінің жақсыруына оң әсер етеміз деп үміттенемін», - деп түсіндірді Ержан Диханбаев.

Және басқарма өкілі келесі жылдың ортасына дейін атқарылған жұмыс бойынша есеп беруге уәде берді.


回到顶部