今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

7 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

7 五月 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 7 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда Отан қорғаушы күні

1992 жылғы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бұл күн елімізде мемлекеттік мереке және демалыс күні саналады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.

1992 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.

1997 жылы Алматыдағы Мечников көшесіне жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Әди Шәріповтің есімі берілді.

1999 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа ең жоғары марапат - «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988) Ақмола облысы, Тайтөбе ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. Ол 30 сәуірде жауынгер Григорий Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа бірінші болып жетіп, жеңіс туын тікті.

2000 жылы Астанада Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш мемориал ашылды. Оның гранит плиткаларына 761 жауынгердің есімі қашалып жазылды.

2013 жылы Отан қорғаушы күнінде «Отар» 40-ыншы әскери базасында ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жауынгерлік парад өтті. Отан қорғаушы күні Қазақстанда мемлекеттік мереке ретінде алғаш рет атап өтілді. Осыған орай әскери қызметшілер бұған дейін тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ ТМД елдерінде өтпеген ауқымы мен мазмұны жағынан ерекше парадты ұйымдастырды. Жауынгерлік парадтың дәстүрлі әскери парадтардан ерекшелігі - солдаттар мен офицерлердің кәсіби шеберліктерін көрсету, заманауи қару-жарақтар мен әскери техниканы іс жүзінде пайдалану.

2014 жылы Өскемен қаласына кіреберісте қазақтың атақты қолбасшысы Қабанбай батырға арналған қола ескерткіш орнатылды.

2014 жылы ядролық мемлекеттердің бестігі Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін құрметтеуге, сондай-ақ осы өңірдегі елдерге ядролық қаруды қолданбауға және оны қолдану туралы қоқан-лоқы көрсетпеуге міндеттелді. Қауіпсіздік кепілі туралы хаттамаға БҰҰ штаб-пәтерінде АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция қол қойды.

2015 жылы Астанада Отан қорғаушы күні мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парад өтті. Салтанатты рәсімді ҚР Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Назарбаев қабылдады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл ең ауқымды шара болды. Оған ҚР ҚК барлық түрлерінен бес мыңдай әскери қызметші, басқа да әскерлер, әскери құрамдар, екі жүзден астам қару-жарақ пен әскери техника, 70 тікұшақ, әскери авиация ұшағы қатысты.

2019 жылы Хорватияның Сплита қаласының тарихи орталығында ҚР құрметті консулдығы мен «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ-ның Хорватиядағы тәуелсіз серіктесі кеңсесінің ашылуы өтті.

Хорватия СІМ басшысы М.Пейчинович-Бурич Сплитада ҚР консулдығы мен «KAZAKH INVEST» кеңсесінің ашылуы сауда-экономикалық байланыстың өсуіне, туризм, білім, мәдениет және спорт саласындағы байланыстардың кеңеюіне септігін тигізетініне үмітін білдірді.


关键词: Күнтізбе,
回到顶部