今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

24 жыл бұрын Ақмоланы Қазақстан астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойылды

20 十月 2021 16:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 24 жыл бұрын, 1997 жылғы 20 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмоланы республиканың астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл тарихи құжат осындай қысқа мерзім ішінде өзін әлемдік аренада геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени үдерістердің гүлденген орталығы ретінде жариялаған шағын қалашықтың өркендеген мегаполиске айналуына жол ашты. Бұл жайында қала әкімдігінің ресми сайты мәлім етті.

Ресми түрде Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстанның астанасы болды. Ал 1998 жылдың маусым айында еліміздің жаңа астанасының ресми тұсаукесері өтті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Елбасы астананы көшіру және елдің бас қаласы ретінде Ақмоланы таңдау себептері туралы әңгімеледі.

«Жаңа астананы іріктеудің барлық критерийі негізінде Тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру мүмкіндігі басым болды. 1994 жылғы шілдеде елорданы 1000 шақырымнан астам солтүстікке, далалы Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылданды... Ақмола Қазақстанның географиялық орталығына, Қазақстан экономикасының жетекші және қарқынды өсу нүктелері болып саналатын маңызды шаруашылық өңірлеріне жақын орналасқан. Қала ірі көлік магистральдарының қиылысында орналасқан және осыған байланысты еліміздің барлық өңірімен байланысқан. Сонымен қатар, қала Қазақстан үшін көптеген шет елдерге шығудың ең оңай жолы болып саналатын трансеуразиялық магистральдардың жанында орналасқан», - делінген кітапта.

Елбасының ақпараты бойынша, елорданы көшіру туралы шешім қабылданған сәтте Ақмола тұрғындарының саны 290 мың адам болатын.

Осы жылдар ішінде өсім миллионға жуық болды, ал қазіргі Нұр-Сұлтанда 1 млн 200 мыңнан астам азамат тұрады.

Елбасы атап өткендей, жаңа елорда еліміздің барлық өңіріне тыныс беріп, халқымыздың ұлттық рухын көтерді.

«Жаңа қаланың, оның жаңа құрылысының, жайластырылған көшелердің, алаңдардың, скверлер мен саябақтардың көз алдымызда болып жатқан қарқынды өзгерістері қала қонақтарының – бұрын Целиноград және Ақмоламен таныс болғандардың, және бізге алғаш рет келгендердің де шынайы таңданысын тудырады. Астана – Қазақстанның жаңаруының символы, оның көпұлтты халқының сарқылмас жасампаз энергиясының символы. Бұл жаңа Астананы салу үшін ең қиын уақытта басталған халықтың сенімі. Бұл бостандыққа қол жеткізген ұлттың өзінің гүлденген болашағына, ұрпақтарының болашағына деген үміті мен сенімділігінің символы. Қазақстанның жаңа астанаға ие болуы – ойлау мен зерттеу ізденістері үшін мол тамақ беретін ерекше, көп өлшемді және жеткілікті ұзақ тарих», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында.

1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанның жаңа астанасы «әлем қаласы» атағына ие болды.

Бүгінде Елбасының тарихи және тағдыршешті жобасы саналатын Нұр-Сұлтан – әлемдегі ең жас астана және Орталық Азиядағы ең жылдам дамып келе жатқан қала.

Жыл сайын қалада тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының қарқыны артып келеді.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін елордада 50 мың әлеуметтік пәтер, білім беру, медицина, спорт және басқа нысандар салу жоспарланған.





回到顶部