今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

16 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

16 五月 2022 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарға 2022 жылғы 16 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық бейбіт қатар өмір сүру күні

2017 жылдың 8 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 16 мамырды Халықаралық бейбіт қатар өмір сүру күні деп бекітті. Оның мақсаты - халықаралық қоғамдастықтың бейбітшілік, төзімділік, бірлік, өзара түсіністік пен Жер халқының ынтымағын нығайтуға бағытталған күш-жігерін үнемі мобилизациялау.

Биографтар күні

Биография сөзінің өзі екі ежелгі грек сөздерінен шыққан, ол қазақшаға аударғанда «өмір» және «жазамын» деген мағынаны білдіреді. Биографтардың талмай жасаған еңбектерінің арқасында қазіргі таңда ұлы адамдардың өткен өмірі туралы, олардың сол дәуірдегі дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы мағлұмат аламыз.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1907 жылы Әбілқайыр ханның ұрпағы, ІІ Мемлекеттік думаның Орал облысынан сайланған депутаты Бақытжан Қаратаев Мемлекеттік думада 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселені талқылауға қатысады. 16 мамырда сөйлеген өткір сөзінде ол аграрлық және ұлттық мәселелерді қозғап, Қазақстан жеріне орыс және украин крестьяндарын көшіру жөніндегі Столыпин жоспарларының халыққа қарсы екенін ашық айтып, әшкереледі.

2000 жылы академик Өмірбек Жолдасбеков (1931-1999) тұрған Астана қаласындағы Абай көшесі 1/1 үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ө.Жолдасбеков - көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, бірнеше рет Парламент депутаты болған. Қазақстан жоғары техникалық оқу орындарының бағдарламасы мен оқыту жүйесін жасаушылардың бірі.

2007 жылы Алматыдағы Көктөбеде британдық белгілі «The Beatles» тобына ескерткіш орнатылды.

2011 жылы Голландияның Девентер қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Discover Kazakhstan» атты фестивалі өтті.

2011 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде танымал қазақстандық философ Жабайхан Әбділдин атындағы аудитория ашылды.

Жабайхан Әбділдин 1933 жылы 16 ақпанда Павлодар облысы Май ауданы, Майтүбек ауылында дүниеге келген. Ғалым, философия ғылымының докторы (1968), профессор (1970), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салушы.

2012 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарылған 10 000 теңгелік қазақстандық естелік банкнотасы Халықаралық банкноталар бірлестігі (IBNS) өткізген байқау қорытындылары бойынша «2011 жылдың үздік банкнотасы» атанды.

2013 жылы Алматыда ШЫҰ Университетінің алғашқы түлектеріне диплом табысталды.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Сент-Китс және Невистің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Бірлескен коммюникеге қол қойып, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

2014 жылы Алматыда КСРО-ның Халық әртісі, аты аңызға айналған дирижер әрі орындаушы Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығының қарсаңында оның 19 жыл тұрған пәтер-мұражайы ашылды.

2017 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Орталық мемлекеттiк кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатынан Бауыржан Момышұлы туралы жаңа бейне және дыбыс жазбаларын тапты.

2019 жылы Алматы қаласында танымал қазақ режиссері Шәкен Аймановтың мүсіні ашылды. Мүсін қоладан соғылған. Авторы - мүсінші Нұрлан Далбай.

Шәкен Айманов – қазақтың әйгілі актері әрі режиссер. 1964 жылдан КСРО халық әртісі. Туып-өскен жері - Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 - 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. 1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады.

2019 жылы Халықаралық Қаржы орталығы және Катар Хамад Бин Халифа университетімен ынтымақтастық негізінде Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің экономика және бизнес жоғары мектебінде бірегей Ислам қаржы орталығы ашылды.

2021 жылы Көкшетаудағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Асылхан Қали саусақ іздерін танитын ұрлыққа қарсы құрылғы ойлап тауып, өз өнертабысын патенттеді.

«Жобаның басты артықшылығы – оның қауіпсіздігі мен сенімділігі. Иесі мен сенімді адамдар машинаны ашып, саусақ ізі сканері арқылы қозғалтқышты іске қоса алады. Мен осылайша көлік ұрлау мәселесін шешуге өз үлесімді қосқым келеді. Алдын ала болжам бойынша ол ұрлыққа қарсы классикалық жүйелерден он есе асып түседі, – деді Асылхан.


关键词: Күнтізбе, Оқиға,
回到顶部