Погода
Астана -14 °С
Алматы 9 °С
Курс валют
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

ҚПЛ: «Астана» елордада «Қайратты» жеңіп, чемпиондыққа жақындай түсті

20 Октября 2019 22:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 30-турындағы соңғы ойын өткізілді. Бұл матч елордада «Астана» мен Алматының «Қайрат» командалары арасында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл кездесуді жанкүйерлер асыға күткені рас. Екі команда биыл чемпиондық атаққа таласып келеді. Бүгінгі ойында жеңіске жеткен команда үшін сол атаққа қол жеткізу мүмкіндігі арта түсетіні белгілі.

Осындай жағдайды жете түсінген екі команда негізінен шабуылға иек артты. Бір-біріне лайықты қарсылық көрсетіп жатты. Ойынның 8-минутында «Астана» сапынан Марин Томасов алыстан қақпаны дәл көздеп, өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін «Қайрат» ойыншылары таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алаң иелерін біршама уақыт тықсырып бақты. Әйтсе де өз көздегеніне жете алған жоқ.

Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осылай өрбіп жатты. Бұл кезеңде алаң иелері тағы бір гол енгізді. Әуелете берілген допты «Астана» шабуылшысы Сергей Хижниченко 61-минутта баспен ұрып, қақпа торында тулатты. Осылайша елордалық клуб 2:0 есебімен алға шықты. Ойынның 68-минутында қайраттық Раде Дугалич есеп айырмасын қысқартқан еді. Ойын нүктесін 90-минутта Рангело Янга қойды. «Астана» бүгінгі кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Қазірге дейін аталмыш турдағы бес ойын өткізілді. Оның екеуі кеше болса, үшеуі бүгін ойналды.

Енді «Қайрат» 3, «Астана» 4 ойын өткізеді. «Қайрат» 26 қазанда өз алаңында «Тобылмен» ойнаса, «Астана» «Ақтөбені» қабылдайды. Одан кейін «Астана» 30 қазанда Көкшетауда кейінге қалдырылған 25-турда жергілікті «Оқжетпеспен» жасыл алаңға шығады. Ал 3 қазанда алматылық клуб сырт алаңда «Ертіспен» кездессе, елордалық команда «Тобылмен» шеберлік байқасады. Соңғы турда «Астана» «Ертіс», «Қайрат» «Атырау» командаларын қабылдайды.

Автор Әділжан Үмбет
Ключевые слова: Нұр-Сұлтан, Спорт,
Наверх