Погода
Нур-Султан 6 °С
Алматы 16 °С
Курс валют
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

ИМАН БАТЫР ДУЛАТҰЛЫ

22 Июля 2010 16:08 1055

Иман Дулатұлы (1780-1847) - халық батыры, Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшыларының бірі,  Кенесары Қасымұлының сенімді серігі, Амангелді Имановтың атасы.

        Қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданында (бұрынғы Торғай уезінде) дүниеге келген. Орта жүз Қыпшақ тайпасының Ұзын тармағынан тарайтын Кедел руының Бегімбет атасынан тарайды. Арғы атасы Қақай, өз әкесі Дулат жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлік көрсеткен батырлар болған. Торғай, Жыланшық өзендерінің аңғарын жайлаған. Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасымовтың Ресейдің отарлау саясатына қарсы он жылға созылған қарулы көтерілісіне Ахмет сұлтан Жантөрин 1838 жылы өз ауылын шапқаннан кейін келіп қосылған. Ол Кенесары жасағының белді ұйтқысы, әскербасыларының бірі болған. Иман батырдың ақыл-парасатын, адалдығы мен әділдігін, өткірлігі мен табандылығын жоғары бағалаған Кенесары Қасымұлы оны Ағыбай батыр, Шоқпар шешен, Сайдақ қожа, інісі Наурызбаймен бірге хан кеңесінің мүшесі еткен. Иманынын жасақ алдындағы беделін құрметтеп есімін атамай, «Айеке, Көсем көк, Бозжорға» деп атаған. Осы атақтарына сай Иман батыр да ханға берген сертіне адал, дұшпанына қатал бола білген, қашан да хан жасағының ынтымағы мен бірлігін сақтауға күш салған. Иман батыр көтерілісшілердің Ақмола приказына, Көкалажар қамалына, Айдарлы, Байтоқ қоныстарына шабуылдары, Ұлытау, Торғай, Ырғыз далаларындағы ұрыстары кезінде ерекше ерлік көрсеткен. 1847 жылы бірқатар қазақ батырлары аттарының басын кері бұрғанда берген антынан таймай, ханмен бірге қырғыз манабы Орманға қарсы Кекілік тауының шығыс беткейіндегі шайқаста, қазіргі Тоқмақ қаласының маңындағы Майтөбе деген жерде қолға түсіп, қаза тапқан. Осы соғыста Иман батырмен бірге оның туған бауырлары Тауық, Кейкі, Қарауыл және үлкен ұлы Бердәлі де мерт болған.

         2000 жылы  қыркүйекте Қостанай облысынның Амангелді ауданының орталығында Иман батырға ескерткіш орнатылған.

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 4 том

 

Ключевые слова:
Наверх