Погода
Астана -4 °С
Алматы -5 °С
Курс валют
USD 376.30
EUR 425.22
RUB 5.68
CNY 55.63

Атырау ЖЭО-сындағы апат толығымен жойылды

21 Января 2019 02:21 483

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау жылу-электр орталығындағы апат салдары жексенбі кешке қарай толығымен жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта магистральды құбыржелісіндегі тесік толық жабылды. Желіні суға толтыру басталды. Қазіргі уақытта «Атырау жылу желілері» АҚ жұмысшылары құбырлардағы гидравликалық қысымды теңгерумен айналысуда, 1,5 сағат ішінде Алмагүл шағын ауданындағы үйлерде жылу қалпына келеді. Сонымен қатар, құбырдағы су қажетті деңгейге көтерілу үшін ЖЭО-дан жылу жіберілу қажет», - деді «Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахманов.

Еске сала кетсек, қаладағы ЖЭО-да сенбі кешке қарай апат болды. ЖЭО аумағындағы екі магистральды құбырдың бірінде 1,5 метр жарық пайда болып, су кете бастады. Шұғыл түрде жылу және ыстық су беру тоқтатылды. Облыс орталығында мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйлер жылусыз қалды. Арада біржарым сағаттан соң апат салдары жойылып, қалаға жылу жіберіле бастағаны хабарланды. Алайда жексенбі таңертең қаладағы барлық аудандардағы үйлерге жылу толық келмегені анықталды. Жергілікті билік жылу беруді қалпына келтіру әлі толық аяқталмағанын мойындады.

«Атырау ЖЭО-дан қаланың барлық аудандарына жылу беру іске қосылды.  Қазіргі уақытта қала әкімдігі мен ПИК мамандары 9 және 16 қабатты тұрғын үйлердегі қысымды қалпына келтіріп жатыр», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев.

Алмагүл ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары бір тәуліктен астам уақыт жылусыз және ыстық сусыз отырғаны жексенбі кешке қарай мәлім болды. Атыраудағы барлық үйлерде апатқа дейінгі температура қашан қалпына  келтірілетінін жергілікті билік әзірге хабарламады.

Автор: А. Соколов

 

 

Наверх