Погода
Астана 4 °С
Алматы 17 °С
Курс валют
USD 378.17
EUR 429.11
RUB 5.88
CNY 56.48

Астаналықтардың үй мәселесін тек бюджет есебінен шешу мүмкін емес - әкімдік

21 Февраля 2019 17:00 1354

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналықтардың баспана мәселесін бюджет қаржысымен, коммуналдық тұрғын үй қорының есебінен шешу мүмкін емес. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласы әкімдігінің инспекторы Жомарт Айтқазының хабарлауынша, Нұрлан Нұркенов қала басшысының халықпен кездесуінде азаматтарды толғандырған сұрақтарға жауап берген. Әкімнің орынбасары халыққа баспана мәселесі жайлы ахуалды түсіндіре отырып, Астанада коммуналдық тұрғын үй қорында баспана кезегінде 45 мыңнан астам адам тұрғанын, соның 20 мыңнан астамы - түрлі әлеуметтік аз қамтылған топтардан екенін жеткізген.

Нұрлан Нұркеновтың айтуынша, елордада тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй бағыттары бар. Мәселен, жалға берілетін тұрғын үй бойынша өткен 2018 жылы 180 пәтер пайдалануға берілсе, 2019 жылы 700-ден астам пәтер өз иесін табады. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 2018 жылы 481 пәтер үлестірілген болса, 2019 жылы 900-ден астам пәтер пайдалануға берілмек.

«Демек, биыл 1600-ден астам отбасы баспаналы болады. Егер осы қарқынмен кезек жылжыса, бүгінгі күні кезекте тұрған 45 мыңыншы тұрғын кемі 25 жылдан кейін баспаналы болады. Тұрғын үй кезегіндегілердің тізімі 45 мыңмен тоқтамайтынын тағы қосыңыз. Осылайша астаналықтардың баспана мәселесін бюджет қаржысымен, коммуналдық тұрғын үй қорының есебінен шешу мүмкін емес деп кесіп айтуға болады», - деді Нұрлан Нұркенов.

Енді не істемек керек?! Мәселені шешудің қандай жолдары бар? Бұл сауалдарға әкімнің орынбасары былай жауап берді:

«Әкімдік көптің көкейінде жүрген баспана мәселесін шешу механизмдерін қарастырып жатыр. Соның ішінде кезекте тұрған тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына белгілі уақыттан кейін сатып алу құқығымен пәтерлерді жалға беру мүмкіндігі ұсынылады. Осы арқылы отбасы тапқан ақшасын пәтер иесінің қалтасына емес, өз меншігіне өтетін баспана үшін құюға мүмкіндік алады».

Бұған қоса, әкімдік тұрғын үй сертификаттарының санын 100-ден 2 мыңға ұлғайтқанын тағы бір қайталап өтті. Тұрғын үй сертификаттары аталған топтарға тұрғын үй алу үшін 1 млн теңге көлемінде алғашқы субсидиялық жарна ретінде бөлінеді. Сертификат несиеге баспана алу үшін алдын ала төлем қаржысы ретінде қайтарымсыз негізде беріледі.

2018 жылы медицина қызметкерлеріне, мұғалімдер пен полицейлерге «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн теңгелік 100 тұрғын үй сертификаты үлестірілген болатын.

 

 

Автор: Аян Бекенұлы
Ключевые слова: Нұр-Сұлтан, Әкімдік, Тұрғын үй,
Наверх