Погода
Астана -4 °С
Алматы -5 °С
Курс валют
USD 376.30
EUR 425.22
RUB 5.68
CNY 55.63

Астана әкімі «Оңтүстік-шығыс» шағынауданының көшелеріне асфальт төсеуді тапсырды

19 Января 2019 15:41 546

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бақыт Сұлтанов «Оңтүстік-шығыс» шағынауданын абаттандыру бойынша тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

2019 жылы шағынауданның 19 көшесіне асфальт төселеді, тағы 27 көшеде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Басым бөлігі жеке құрылыстан тұратын «Оңтүстік-шығыс» ірі алабының тұрғындары бірқатар қолайсыздықтар көріп отыр, атап айтқанда, орталық жылудың болмауы (үй көмірмен жылытылады, ол экологияға кері әсерін тигізуде),  су құбыры, кәріз жүйесінің қиындықтары, жол проблемасы. Көктем мен күзде не адам, не көлік өте алмайтын саз жатады. Ол саз көліктер арқылы басқа да аудандарға жетеді де, коммуналды қызметтердің жұмысын қиындатады. Шағынаудан тұрғындары жоғарыда аталған мәселелерге байланысты бірнеше рет қалалық билік орындарының көмегіне жүгінген.

Сенбі күні Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қаланы аралау барысында, «Оңтүстік-шығыс» шағынауданына ерекше тоқталды. Көкпар тұйық көшесінің тұрғындары үйлеріне су құбыры және кәрізді өз қаражатына өткізіп, коммуналдық төлемдерді уақытында төлейді екен. Олар қала әкімдігінің көшедегі жолға асфальт төсеу мәселесін шешуге көмектесуін сұрайды. Қала әкімі тұрғындарды тыңдап, тұйық көшеге осы жылы асфальт төселетінін жеткізді. 2019 жылы «Оңтүстік-шығыс» шағынауданында ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын 19 көшеге жол салу жоспарланған. Көкпар тұйық көшесінен бөлек Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс, Жаркент, Сілеті, Ырғыз, У. Сұбханбердин, Жайық, Ертіс, Бұқтырма, Есіл, Еділ, Қозыбасы, Дегерес, Қобланды батыр, Ер Көкше, Жаңаарқа, Майдакоңыр көшелеріне асфальт төселмек. Сонымен қатар, Бақыт Сұлтанов уәкілетті басқармаларға осы жылдың ішінде шағын ауданның ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын 27 көшесі мен тұйық көшесінедегі жолды қайта жаңарту  жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Олар Келес, Нұрлы, Ақберен, Жаңаөзен, Керуен, Мерей, Сайрам, Шырайлы, Алматы, Ақтоған, Алқоңыр, Сүтбұлақ, Кемел, Жанкент, Арғанаты, Кеңгір, Қарасаз, Марқакөл, Сарқан, Қаратал, Масаты, Орхон, Қобыз, Бозшолақ, Кертолғау және екі жол жүру көшелері арасындағы Сарқан, Орхон көшелері.

Әкім сондай-ақ, ауданның көптеген көшелерінде жарықтың болмауына назар аударып, жыл соңына дейін көшелерге жарықтандыру жұмысын жүргізуді тапсырды.

«Адамдар түнде көшеде жүргенде жолды қолшаммен жарықтандырып жүргені өте ұят», - деді ол.

Одан әрі әкім «Оңтүстік-шығыс» шағынауданының сол жақ бетіне барды. Қозыбай көшесінің тұрғындары кәріз жүйесіне қатысты шағымын айтты. Әкім осы көшедегі және жақын маңдағы көше үйлерін тиісті коммуналдық кәсіпорындардың қарамағына алуды және кемшіліктерді жою жөніндегі тапсырмасын берді. Одан кейін шахар басшысы Күйші Дина көшесіне барды. Мұнда  жаңа жолдар немесе демалыс аймағының құрылысы жоспарлануда. Б. Сұлтановтың пікірінше, мұнда православиелік храммен үйлесіп тұратын гүл бағының болғаны дұрыс.

Әкім ат басын тіреген соңғы нүкте - 2018 жылдың тамызынан күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Қазақстан» спорт кешені болды (СК 2001 жылы пайдаланылуға беріліп, содан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілмеген). Бұл ретте Бақыт Сұлтанов №4 БЖСМ жұмысының үзіліссіз жүріп жатқанын атап өтті. Жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары «Барыс-арена» шағын мұз сарайының бассейніне барады. Алайда, биыл «Барыс-арена» МЛРД жүзу жолдарын жалға алу құны айтарлықтай өскен және БЖСМ-нің 2019 жылға қарастырған бюджет қаражатынан айтарлықтай артық.

«Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және қолдау - Астананың тыныс-тіршілігіндегі басым бағыттардың бірі. Жас спортшылардың сабақтары бассейннің жөнделуі немесе қаржылық проблемаларға байланысты тоқтамауы тиіс», - деді Сұлтанов.

Осыған байланысты қала басшысы мәдениет және спорт басқармасының басшысына №4 БЖСМ спортшыларын «Жастар» Сарайы бассейніне ауыстыруды пысықтауды жүктеді. «БЖСМ үздіксіз жұмыс істеу мәселесін шешудің баламасы ретінде мәдениет және спорт басқармасының 2019 жылдың наурызында спорт мектебінің бюджетін арттырып, «Барыс-Арена» көрсеткішіне сәйкес түзету енгізу мүмкіндігін қарастырыңыз», деді әкім. 

 

Ключевые слова: Әкім, Астана, Әкімдік, Құрылыс, Инфрақұрылымдық жобалар,
Наверх