Ауа райы
Нұр-Сұлтан 22 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

Жүйрікті жаратудың өз әдісі бар - қызылордалық атбегі

2019 жылдың 7 сәуір 2019 17:42 1014

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық Қожабек Жаппасбай қазақтың ұлттық қасиеті - атбегілік өнермен көп жылдан бері айналысып келеді. Атбегі жылқы жануары бейнеленген дүниелер және ер-тоқым жинаумен жергілікті тұрғындар арасында кеңінен танымал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атбегінің шаңырағынан енген сәтте аталмыш өнер жайында кеңінен мағлұмат алуға әбден болады. Үй қабырғасында ол жайында көптеген дүниелер көзге бірден түседі. Атбегінің жеке кабинетіне кіргенде құдды бір мұражайға енген секілді күй кешетінің анық. Қабырғаның барлығын тұтастай сан алуан картиналар жауып тұр. Оған қоса ер-тұрман және өзге де жабдықтар мұқият орналасқан. Тіпті кәдімге киім ілгіштердің өзін жылқы бейнесінде жасағанын аңғару қиын емес. 

«Мен ұзақ жылдан бері жылқы малына қатысты дүниелерді жинақтаумен айналысып келемін. Бұл біздің ата-бабамыздың асыл мұрасына деген қызығушылықты білдіреді.  Өзім де ат баптау өнеріне бала кезімнен қызықтым. Қазір менің ұрпағым да соған әуестігін білдіріп келеді. Оларды күнделікті қолданып жүрміз. Пайдаланғаннан кейін сүртіп, өзінің қасиетін жоғалтпауына мән беремін. Айту керек, оларды көзінің қарашығындай сақтай алмаған жағдайда мұндай жақсы сапада болмайтын еді. Менің қолымда осыдан екі ғасырдай бұрын жасалған ер-тұрман бар. Дәлірек айтқанда, ол шебердің қолынан XVIII ғасырда Өзбекстанда жасалып шыққан.  Бұл күміс ер-тұрман 1987 жылы Қарақалпақстандағы бір жолдасым арқылы менің қолыма тиді. Тағы бір ер-тұрманды 1946 жылы менің әкемнің тапсырысымен ел арасында кеңінен танымал Бөжек деген мылқау ұстаға жасаған. Бір жылдан кейін өмірге мен келгенмін. Қысқасы, бұл дүние менімен бірге жасасып келеді. Менің әкем ұстаздық қызмет атқарған. Қмір бойы аттың үстінен түспеген. Торжорға деген жорғасы бар екен. Ес білгеннен мені алдына мінгізіп, өзімен бірге алып жүрген. Сондықтан шығар, мен де ес білген шақтан жылқы малын баптауға, ат жаратуға құмар болып өстім. Талай мәрте бәйгеге қатыстым», - дейді Қожабек Жаппасбай.

Атбегі ұзақ жылдар бойы мал дәрігерлік салада жұмыс істеген. Сол жылдарда атбегілік кәсіп ол кісінің жан серігіне айналды. Әлі күнге дейін таңертең тұрғанда қорадағы тұлпарды көріп, оған бап жасап қайтқанды жаны қалайды. Ағамыздың айтуынша, әкесі бір жылдарда Луговой ат зауытынан ақалтеке тұқымын алып келген екен. Оны 4 мың сомға сатып алған. Сол уақытта оған «Москвич» көлігін сатып алуға болады. «Немереме мінгізерсің» деп Қожабек ағамызға аманаттайды.

Қожабек ағамыз оны өзі баптауға мән берді. Түркімендерде атты баптаудың өз әдісі бар екен. Жем салынған ыдыстың түбін жарты метрдей тереңдікке көмеді. Жылқы жемді жеу үшін мойнын созуға мәжбүр болады. Осылайша алдыңғы аяғының қолдау еті мен мойны өсетін көрінеді.

«Атты бүгін жем-шөбін, суын беріп, кездірген соң ертесіне онымен кәдімгі жолдасыңдай сөйлесесің. Қас-қабағына, тұрысына қарайсың. Кешегі жүрістен шаршағандығы білінсе, онда бүгінгі дайындығыңды жеңілдетесің. Ал, жылқы ойнап, көз жанары жайнап тұрса, жасап жатқан бағытың дұрыс деген сөз. Кешегі жаттығуыңа тағы да жүктеме қоса түсесің. Бастысы, жануарды титықтатып, шаршатып алмауың керек. Жетектеп, ойнақтатқаным болмаса, еркінен тыс күш салмаймын. Демек, атты еліктіріп дайындауың шарт. Сосын өте қатты семіртпеген абзал. Ал, семіз жылқыны жаратуда әуелі оны мұздай суға жалдаймын. Суға айдап, жүздіремін. Содан соң жұқа жабу жауып, 10-12 шақырып жерге жүргіземін. Осындай жаттықтырудан соң 10 күннен кейін-ақ аттың денесі, іші тартыла бастайды. Бәйге күні жақындаған соң екі мәрте терін аламын. Яғни, қалың жабумен шауып келгеннен соң сексеуілдің оты жанған темір пеші бар жабық қораға кіргізіп, есігін тарс жауып, қамап тастаймын. Үстіндегі қалың жабуға қоса, тағы да бас жағына киіз бүркеледі. Сонда ыстықтан жылқының бойындағы бүкіл қатқан тер жібіп, су болып тұяққа қарай ағады. Сол тұяққа аққан терді бақылап отырып, оны әлсін-әлсін саусақтың ұшымен жалап отырамын», - дейді Қожабек.


null 

Ол кісінің айтуынша, әуеліде бой-бой болып аққан тер таңдайыңды қуырардай кермек, дәмі өте ащы болады. Әлгі моншақтаған тер ең соңында қара судың дәміндей тұп-тұщы болып шыға келеді. Демек, бұл аттың бүкіл өн бойы қатқан терден арылып, тазарды деген сөз. Атбегі осылайша бастан-аяқ ыстық сумен жуады. Үстіне құрғақ жабу кигізеді де далаға біршама уақыт желдіреді. Сонда әбден терін алған жылқының денесі кәдімгі жас баланың терісіндей жұп-жұмсақ жібектей болып шыға келеді. Ал, кейде біз ойлағандай тер де шықпай, біраз әбігерге салатыны бар. Ондай кезде жем салынған дорбаны тұмсығына іліп тастайды. Сол кезде онсыз да бүркеніп тұрған мал дорбамен тұншығып, бусана бастайды. Оның үстіне қалтадағы жемді жеймін деп-ақ жанталасып құйыла терлейді. Мұны қазақта қамау тер деп атайды. Бәйге жарысқа он және үш күн қалғанда осылай екі мәрте тер алады. Міндетті түрде арасына бір жеті уақыт үзіліс жасалуы қажет. Осылай бәйге атын жаратуға тура 40 күндей уақыт кетеді. Ал, қазіргілер асығыс-үсігіс, бас-аяғы он күннің ішінде жаратады. Одан жылқыға үлкен күш түседі.

«Қазақта «Жабыдан жүйрік шықса, жылқы жолдас емес» деген де бар. Бірақ, жабыдан да жүйрік мыңнан бірінде шығады екен. Ел аузында баяғыда бір қазақ Түркіменстанға барып, бәйгеге қосса, жабысы жалғыз келіпті деген де әңгіме бар. Десе де, жабы бәйгенің аты емес. Бұл - қазақтың еті мен сүті үшін өсіретін жылқысы. Бірақ, ұзақ жолға, үйірге өте шыдамды. Кезінде Ақсақ Темір, Шыңғысхан әскерлерінің астындағы атының көбісі осы жабыдан болған деген әңгіме бар», - деді атбегі.

 

 

 

Автор: Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Қызылорда облысы,
Жоғары қарай