Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Жұмыс тобы көпбалалы отбасыларды қолдау ұсыныстарын әзірледі

2019 жылдың 21 сәуір 2019 00:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының 10-шы отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстарды, яғни 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік қолдаудың кейбір шараларын оңтайландыру арқылы жәрдемақы енгізу туралы айтты. Сонымен қатар, көпбалалы аналарды және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды зейнетақымен қамтамасыз ету, АӘК тағайындау кезінде жалпы кірісті есептеу әдістемесін өзгерту, күнкөріс минимумының құрылымын қайта қарау, көпбалалы ана мәртебесін растайтын куәлік беру және басқа да қадамдар туралы баяндалды.

«Жұмыс тобының бірқатар ұсыныстары өз шешімін тапты. Атап айтқанда, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына түзетулер дайындалды. Мәселен, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және табысын арттыру үшін көпбалалы ауыл тұрғындарына жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз 505 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік гранттар берілетін болады. Биылғы жылы ауылда көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамытуға 5 мыңнан астам микронесие бөлінеді», - делінген министрлік мәліметінде.

Мұнымен қоса, көпбалалы аз қамтылған ауылдағы отбасылар үшін қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақыны субсидиялаумен үйде әлеуметтік жұмыс орындары құрылатын болады. Барлық айтылған ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.

Белгілі болғандай, министрлік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі. Әлеуметтік пакетте жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызметтер көрсетудің 11 шарасы қамтылған.

Әкімдіктердің мәліметінше, 2019 жылы 287 мың бала мектептерде тегін тамақпен, 553 мың адам тегін жол жүрумен, 219 мың оқушы мектеп формасымен және өзге де керек-жарақпен, 30 мыңға жуық жеткіншек балабақшада орынмен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ 186 мың бала лагерьге жолдама алады.

Бұдан бөлек, 460 мыңнан астам адам бір жолғы көмек алады, 5 мың АӘК алушы жұмыспен қамтылады, 5 мың адам тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы баспана жағдайын жақсартады. Жалпы әлеуметтік көмектің барлық түрлерімен 83,1 млрд теңгеге 821 мың адамды қамту жоспарлануда.

«Көптеген мәселелерді шешу үшін тиісті зерттеу шаралары керек, сондықтан ол уақыт талап етеді. Олардың барлығы бірте-бірте шешіледі. «Nur Otan» партиясының съезінде айтылған Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамалары кешенді сипатқа ие, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді мақсаттармен байланысты. Қабылданған шаралар - бұл тек бірінші кезеңі ғана. Министрлік осы бағытта жұмыстарды жалғастыруда», - деді Бердібек Сапарбаев.

Отырысты қорытындылай келе, Б. Сапарбаев халықтың аз қамтылған топтарын қолдау мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдар қабылдайтын әлеуметтік шаралардың орындалуына тұрақты негізде мониторинг жүргізетін болады.

Жоғары қарай