Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Жуалыдағы «Шақпақ әулие» үңгірінің сыры неде?

2019 жылдың 25 тамыз 2019 11:41

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Шақпақ әулие» үңгірі туралы ел аузында тараған түрлі аңыздар бар. Бүгінде мұнда келіп тәу етіп, табиғаттың таңғажайып жаратылысын тамашалаушылар аз емес.

Жер жәннаты атанған Жуалы ауданыңда қасиетті мекен саналатын, табиғаттың тылсым сыры тұнған айрықша орындар аз емес. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Қазақстанның сокралды географиясы картасына аталған ауданнан бірнеше нысан енген десек, соның бірі – осы «Шақпақ әулие» үңгірі.





Бұл үңгір Шақпақ ата елді мекенінің оңтүстігіне қарай 600 метрдей жерде , Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде, шоғыр тау жыныстарында орналасқан. Тереңдігі 5,5 – 6, биіктігі 2,5 метрдей болады. Осы аймақтағы жұрт оны «Шақпақ әулие» атап, ол жерге барып зиярат етеді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне шипа іздеп, кие тұтып, қызықтап келетіндерде де баршылық. Келгендер үңгір алдындағы шетікке ырым етіп шүберек байлап барып, ішке енеді. Әулиенің басына күтім жасап отыратын шырақшысы бар. Шақпақ ата әулие жерінен 200 метрдей жерде бүйірінен бүлкілдей қайнап шығатын бастау бар. Халық оны « Шақпақ ата әулиенің бастауы » деп құрмет көрсетеді, суын емге пайдаланады.

Ел ішінде, Шақпақ әулиеге байланысты әртүрлі аңыз әңгімелер айтылады. Соның бірінде Шақпақ әулие Шақ және Пақ деген егіз кісі екен. Осы жерде оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті. Олардың әруақтары түйе болып, тазы болып осы маңда жүреді екен делінеді.

Тағы бір деректерде Шақпақ әулие Жүсіп Баласағұнның шәкірті болған деседі. Ол Қашқариядан шығып Бұхара, Самарқанд жерінен өтіп, осы өңірге келгенде қайтыс болыпты. Оның жерленген жері тәңірлік нанымға байланысты «әулие» аталып кеткен. Тарихшы Әділбек Байбатша: «Б.д.д заманның соңында өмір сүрген Шақпақ әулие мекендеген жер Шақпақ ата болды»,-деп жазады өз зерттеулерінде.




Ал, жазушы, тіл маманы С.Дүйсебайұлының айтуына қарағанда «Шақпақ» сөзі қазақтың архаизм сөзіне жатады. Шақпақ сөз тіркесі «биік», «шоқтықты» дегенді білдіреді. Бұрынғы ат баптаушы сыншылар «аттың үш шақпағы болады»- дейді екен; басы, шоқтығы, сауыры.

Осы белгілеріне қарап аттың жүйріктігін болжаған деп түсіндіреді. Демек, «шақпақ» сөзі сол жердің басқа жерлерге қарағанда биік екендігін, биікке орналасқандығы туралы мәлімет беріп тұр деп болжам жасауға болады.

Іргедегі ауыл тұрғындары «Шақпақ әулие» үңгірі маңындағы барлық тастардың өз аттары бар екендігін айта д ы. Ондағы тастарды пішініне қарай «Жігіт пен қыз», «Арыстан тас», «Басын кескен адам», «Төрт бура», «Екі басты айдаһар», «Бүркіт әулие», «Құмай тазы» тағы басқа деп атап кеткен. Расында да тастар ерекше бір мүсіндер мен кескіндер секілді көзді арбайды. Оларға қарап табиғаттың тылсым жаратылысына қайран қалары ң даусыз.

«Шақпақ әулие үңгірінің төңірегіндегі тастарда аппақ, бір-біріне ұрғыласа от шығатын шақпақ тастары көп. Бұрынғы кезде осы тастардың ортасына мақта қойып ұрғылау арқылы от тұтатқан екен. Кезінде Шыңғыс хан Отырар ды жаулауға аттанғанда осында келіп саят құрған деседі. Сонда қаған әскері осындағы шақпақ тастарын оттық ретінде қоржындарына керегінше жинап алыпты. Бұл туралы Лев. Гумилеевтің деректерінде кездеседі»,-дейді өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев.





Бұл аймақта «Шақпақ» сөзіне қатысты көптеген атаулар бар. Олар: «Шақпақ асуы», «Шақпақ темір жол бекеті», «Шақпақ өзені», «Шақпақ ата ауылы», «Шақпақ қалашығы», «Шақпақ әулие үңгірі», «Шақпақ желі», «Шақпақ құстарға сақина салу орталығы». Әрине, бұл атаулар ғалымдардың қызығушылығын күннен-күнге арттыра түсуде. Өйткені бұл аталған атаулардың әрқайсысының өз ерекшеліктері, өз тарихы, өздеріне тән қасиеттері жетерлік.

Ендеше, Шақпақ өңірі туризмді дамыту үшін жағымды жағдайлар туғыза алатын аймақ болып табылады десек артық айтпаймыз. Табиғатының көркемдігі, экологиялық ерекшеліктері, жерінің шұрайлылығы, таза ауасы, мөлдір, тұнық суы, мұнар таулары, кең даласы туризмді дамыту үшін қолданылатын табиғат ең бір қажетті ресурстар болып табылады. Әсіресе туризмнің танымдық, экологиялық, экзотикалық түрлерін дамытуға көптеген мүмкіншіліктер бар.














Жоғары қарай