Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 375.91
EUR 416.85
RUB 6.10
CNY 54.77

Жөндеуден өткен Қостанай әуежайы барлық ұшақтар түрін қабылдай алады

2019 жылдың 11 желтоқсан 2019 14:05

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында 1195 шақырым облыстық, аудандық маңызы бар жолдар күрделі жөндеуден өтіп, 40 жылға жуық жөнделмеген ұшып-қону жолағы қайта жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келесі жылдан бастап Қостанайда «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа жобасы іске асырылады. Ол 2020-2025 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Мыңдаған жұмыс орындары ашылып, барлық бағыттар бойынша кешенді жоспар құрылмақ.

«Биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға 37 млрд теңге бөлінді. Өсім 12% тең. 2018 жылы 33,3 млрд теңге болған. Бұл мың шақырымнан астам автожолды қайта жаңартуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар жолдардың 41 шақырымы қайта жаңартылса, 33 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдардың 49 шақырымы қалыпқа келді. Тек облыс орталығында ғана жолдарды салуға, қалпына келтіруге және жөндеуге 7,7 млрд теңге жұмсалды. Осы жылы ұзындығы 114 шақырымды құрайтын «Рудный-Денисовка» жол учаскесінде құрылыс жұмыстары басталды. Жоба құны – 36 млрд теңге. Сонымен қатар 40 жыл бойы жөндеу көрмеген ұшып-қону жолағының ұзындығы 300 метрге, ені 15 метрге ұлғайды. Жаңарту жұмыстарының нәтижесінде, аэродром жалпы салмағы 200 тоннаға дейінгі ұшақтардың барлық түрін қабылдауға мүмкіндік алды», - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов.

Алдағы 5 жылда көлік жолдарын күрделі жөндеуге қомақты көлемде қаражат бағытталмақ. Ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын жолдарды жаңартуға 20 млрд теңге қаржы қарастырылған. Инфрақұрылымдық жобалар ең әуелі экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерде жүзеге асырылады. Облыс әкімінің тапсырмасымен қала, ауданаралық жолдардың сапасын жақсартуға басымдық беріледі.

Жоғары қарай