Ауа райы
Нұр-Сұлтан 11 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 429.83
RUB 5.96
CNY 55.39

Жетісайда 12 көпбалалы отбасыға арнап баспана салына бастады

2019 жылдың 21 мамыр 2019 14:43 526

ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Жетісай ауданында қасиетті рамазан айында көпбалалы 12 отбасыға баспана салына бастады. Қазыбек би ауылдық округінде қолға алынған игі бастама «Баспанаға жол» акциясы аясында жүзеге асырылуда,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аудан орталығындағы «Нұғман» мешітінің ұжымы мұрындық болған шара аясында жаңа баспаналардың іргетасы құйылды. Үй іргелік жер телімдерін Қазыбек би ауыл округінің басшылығы арнайы бөліп берген. Заманауи үлгіде бой көтеретін үйлердің ұзындығы - 18, ені - 9,5 метр. Енді бірер айда барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, 12 мұқтаж отбасыға  жаңа баспананың кілті салтанатты түрде табысталады.

null 

«Аталған қорға қаржы жинау үшін барлық дүкендер мен сауда орындарына арнайы жәшіктер орнатылған. Сол жәшікке әркім өз қалауынша, жағдайына қарай садақа ретінде қаржы тастайды. Жиналған қаржыны шашпай-төкпей, үй құрылысына жұмсап жатырмыз. Ауданымызда кәсіпкер, қалталы азаматтар аз емес. Олар да қолдан келгенше жәрдем беріп жатыр», - дейді орталық мешіттің бас имамы Бекзат Сыздық.

Айта кетейік, мешіт басшылығы бұған дейін «Баспанаға жол» қайырымдылық шарасы арқылы үйсіз жүрген 7 отбасыға баспана сатып алып берген болатын. Бұл сол қайырымдылық істің жалғасы іспеттес.



null 

null  

 

 

Жоғары қарай