Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 352.54
EUR 415.15
RUB 5.31
CNY 51.53

Жеңіл атлетика: Отандасымыз әлем чемпионатының жартылай финалына өте алмады

2018 жылдың 13 шілде 2018 08:30 738

АСТАНА. ҚазАқпарат - Финляндияның Тампер қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Давид Ефремов іріктеуден аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясы таратқан мәліметке сүйенсек, 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген қарағандылық спортшы өз тобында төртінші орынды қанағат тұтты. Ал жартылай финалға әр топтан үш атлет және уақыт көрсеткіші жоғары тағы үшеуі өтті. Жалпы, бұл сайыс түріне 55 спортшы қатысты. Олар жеті топқа бөлініп жүгірді.

Ефремов фавориттермен бір топқа түсті. Мысалы, ямайкалық Дэмиан Томас іріктеуде аталған қашықтықты 13.41 секундта, жартылай финалда 13.37 секундта жүгіріп өтті. Сондай-ақ оның алдын Жасон Никольсон (Ұлыбритания) мен Жозеф Андерсон (АҚШ) кесті.

19 жастағы қазақстандық атлет мәреге 14.01 секундта жетті. Мұндай уақыт көрсеткішімен жартылай финалға шығу мүмкін емес. Соңғы орынмен өткен белгиялық спортшының өзі 13.82 секундта жүгірген.

Айта кетейік, Давидтің жеке рекорды Гифудегі Азия чемпионатында тіркелген (13.79 сек).

 

 

Автор: Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай