Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Жастардың жікке бөлінуі жақсылыққа апармайды - маман пікірі

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 19:27

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі қазақстандық қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – діни ахуалдың тұрақтылығы. Діни дүниетанымның әртүрлілігі мен ұлттық біртұтастықтың бұзылуына байланысты бұл мәселе ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін.

18 миллионнан аз ғана асып отырған қазақстандықтардың діни негізде жікке бөлінуі – ойландыратын мәселе. Орыс тілді, қазақ тілді, ауыл қазағы, қала қазағы, сонымен қатар, Ғарифолла Есім атап өткен «батысшыл бағыттағы жастар, олардың тілі де, мәдениеті де – ағылшын», «араб тілі мен ислам діні негізіндегі бірыңғай мұсылмандық бағытқа бұрылған жастар», «орыс тілі мен мәдениеті негізінде тәрбие, білім алған қазақ жастары», «алған жастармен қоса, діндар, атеист, зайырлы деген бөлініс болашақта бір тудың астына жинала алатын жастардың болмайтынына әкелуі ғажап емес.

Отан деген ұғымның құндылық болмай қалуын, қазақтардың Қазақстанмен өзін идентификацияламауы Сирияға кеткен азаматтар мысалында көрсетуге болады. Өздері төлқұжатын алып, кіндік қаны тамған туған жерін тәрк етіп, «Халифаттан» мекен іздегендердің ішкі дүниесінде қандай мотивтер болуы мүмкін? Бұл жаппай локалды соғыс мекендеріне миграция отбасы құндылығының, әйел затының, бала бағасының төмендеп, түкке тұрмайтынын көрсетті. Ер азаматтардың елін сақтау, елінің қорғаны болу деген позициясын жоққа шығарулары мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келген жағдайда қарсы тұра алатын потенциалдың әлсіреуін көрсетіп тұр. Сонымен қатар ер азаматтардың отбасын сақтау, әйелдердің қорғаны болу және балаларының өміріне жауапты екендерін естерінен шығарулары аса қатты ойландыратын мәселе болуы тиіс. Ер азаматтардың сыни ойлау қабілеттерінің төмендеуі қаншама отбасының отын өшірді. Көп жағдайда Сирияға кеткен әйел заттары өздерінің басын қауіпке тігіп, күйеулерінің соңынан кеткен. Әрине бұл әйелдерді жауапкершіліктен босатпайды, дегенмен инициатор болған ер азаматтардың ісі басқаларға сабақ болуы тиіс. Бұл жағдайда әсіресе жапа шеккендер – бұлар балалар. Олардың тағдыры, жат жерде жазықсыз көз жұмған балалардың өлімі – ата-аналарының жауапкершілігінде.

Қазіргі жағдай бұдан біраз жыл бұрын орын алған ситуацияға бей-жай қараудың нәтижесі болып отыр. Еркін шекара асып, саналы түрде соғыс алаңына барған қандастарды қайтарылуының оңы мен терісі неде?

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, мемлекет деңгейінде Сирияға кеткендерді қайтару мақсатында «Жусан» операциясы жүзеге асырылды. Ресми ақпарат бойынша, операция аясында 2019 жылы Сириядан 516 адам, оның ішінде 360 бала елге жеткізілген.

Әлемдік аренада Қазақстаннның жасаған қадамы бірқатар елдерге үлгі болды. Қазіргі кезде Өзбекстан, Ресей, Грузия да өздерінің азаматтарын қайтарып алуда. Жат жерде жүріп, жапа шеккен азаматтардың қиын жағдайдан алып шығу мемлекетіміздің өз азаматтарын қорғауға дайын екендігін көрсетіп отыр. Дегенмен кеткен қаржыны, жұмсалған күшті, мәселен, психолог, теолог, дінтанушы мамандардың қажыр-қайраты ақталып, қайтып келгендердің елдік мүддені сақтай алатын азамат ретінде өздерін идентификацияласа деген сеніммен қарағымыз келеді. Сондықтан елге қайтарылған азаматшалар жастардың тарапынан мұндай қателер кетірмеу үшін ойларымен кең бөлісіп, азаматтық позицияларын көрсету керек. Мемлекеттің дін саласындағы дұрыс саясатын түсініп, толық қабылдаулары тиіс. Отбасындағы бала тәрбиесі, мектепке дейінгі, орта білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламаларына тиіс өтулерін қадағалаулары керек. Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде тәрбиеленуі керек, яғни қоғамға қайта әлеуметтену азаматтық сананы қалыптастыруы арқылы жүруі тиіс. Егер осы «тиістер» орындалса ғана, бағдарламаның нәтижелі болғаны деуге болады.

Айнұр Дүрбелеңқызы Құрманалиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Алматы, Дін,
Жоғары қарай