Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 377.62
EUR 426.03
RUB 5.67
CNY 55.78

Жастар жылы: Президент ауылға барған жастардың жәрдемақысын көбейтуді тапсырды

2019 жылдың 23 қаңтар 2019 13:15 977

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Дипломмен ауылға» бағдарламасын дамытуды тапсырды , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде халықтың ауылдан қалаға көшу қарқыны қатты болса да, ауыл жастарының үлесі әлі де жоғары - 43 процент. Өткен жылы он бір айдың ішінде елімізде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 220 мыңнан асты.

«Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, демалыс және басқа да мәселелерін жүйелі шешуге күш салуы қажет. «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Бізде «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Осының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Ауылға көшіп барғаны үшін жастардың жәрдемақысы бұрын 70 айлық есептік көрсеткіш болса, соны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру керек», - деді Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде.

Осы орайда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығымен кеңінен айналысуға үндеді. Себебі қазіргі урбанизацияға қарамастан, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс ешқашан төмендемейді. Ал ондай өнімдердің басым бөлігі ауылды жерлерде өндіріледі. 

Айта кетейік, елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды

 

Жоғары қарай