Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.26
EUR 425.63
RUB 5.68
CNY 55.61

Жастар жылы: Бүркітші қыз Айшолпан Президентке алыстағы ағайынның сәлемін жеткізді

2019 жылдың 23 қаңтар 2019 12:15 4323

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайымқызы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Сізбен кездесуді армандаған едім. Міне, бүгін - сол арманым орындалған күн. Шынымды айтсам, сәл қобалжып тұрмын. Себебі күнде Президентпен кездесе бермеймін ғой. Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып өстім. Бірақ та атамакенім Қазақстан екенін ешуақытта ұмытпадым. Соның арқасы шығар, қазіргі кезде мен «Нұр орда» халықаралық мектебінде оқып жатырмын», - деді А.Нұрғайыпқызы.

Айшолпан өзі түскен фильм туралы айта келе, бүркіт баптаудың қыр-сырын да жеткізді. Оның айтуынша, бүркіт баптау үшін қайсарлық қажет. Әсіресе, бүркіттің балапанын алу аса қиын болады. Айшолпан осы бүркітті өсіріп, бүркітшілер сайысында жеңімпаз атанды. Тіпті, бүркітті 5 секундта қолға қондырып, рекордты жаңартты. Осы орайда бүркітші қыз Астанада және басқа да аймақтарда бүркітшілер мектептерін ашуды ұсынды.

«Айтпақшы, ата, ұмытпай тұрғанда айта кетсем, Алтайдағы аз қазақтың аманаты бар еді. Сізді Баян-Өлгейге қонақ болуға шақырамыз. Ақ дастарқаннан дәм татып кетсеңіз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалады», - деп атап көрсетті А.Нұрғайыпқызы.   

Айта кетейік, елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді.  Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. 

 

 

Жоғары қарай