Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Жасөспірім боксшылар Азия чемпионатында 4 «алтын» алды

2019 жылдың 17 қазан 2019 23:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар сегіз медаль, соның ішінде төрт «алтын» жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметіне сәйкес, 52 келі санатында Руслан Күзеубаев финалда тәжікстандық Әбубәкір Мұрадовты жеңіп, құрлық додасындағы алғашқы алтынды қоржынға салды.

57 келідегі Ерасыл Ермек ақтық сында Өзбекстан өкілі Билолбек Ихволовқа шеберлігін көрсетіп, Азия чемпионы атанды.

60 келіде өнер көрсететін Абзал Серік те өзбекстандық қарсыласынан басым түсті. Ол Бекзод Бекмұрадовты ұтып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.

Төртінші «алтынды» 66 келідегі Сұлтан Бабаханов алып келді. Ол финалда үндістандық Джэйдип Раватты ұтты.

Сондай-ақ 54 келіде сынға түскен Нұрсұлтан Алтынбек пен 50 келідегі Абдулла Патиев сәйкесінше Тәжікстан және Жапония боксшыларынан жеңіліп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ал екі қола медальді 80 келіге дейінгі салмақтағы Мәди Әміров пен аса ауыр салмақтағы Роман Дияров иеленді.

Басты сөздер: Бокс, Спорт,
Жоғары қарай