Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Жас дәрігер жол апатына ұшырап, далада жатып қалған жүргізушіні құтқарды

2020 жылдың 27 ақпан 2020 08:42

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласында тұратын жас дәрігер апатқа ұшырап, аязды күні далада қалып қойған жүк көлігінің жүргізушісін құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25 ақпаннан 26 ақпанға қараған түні Балқаш қаласынан 150 шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болды. КамАЗ автокөлігінің 60 жастағы жүргізушісі көліктің алдыңғы әйнегінен ұшып кетті. Оқиға елді мекендерден шалғайда болғандықтан зардап шеккен адам қардың үстінде екі сағат жатып қалған.

Осы сәтте жүкті әйелдерді Балқаштан Қарағанды қаласының перинаталдық орталығына тасымалдаған жедел медициналық жәрдем көлігі қайтып келе жатқан. Бригада құрамында Балқаш қаласы орталық ауруханасының акушер-гинекологы Заңғар Естаев болған.

«Біз сағат 21:00-де жүкті әйелдерді Қарағандыға жеткіздік. Қарағандыдан түнгі сағат 22:00-де шықтық. Жолда апат болғанын көрдік, сосын ол жерге Апаттар медицинасы трассалық-құтқару пунктінің бригадасы келді. Біз «Көмек керек пе?» деп сұрадық. Олар өздері медициналық көмек көрсететінін айтты. Біз жүргізушімен бірге машинаға қайта отырдық, сонан соң әрі қарай жол жүрдік. 2 шақырымнан кейін екінші жол-көлік оқиғасын байқадық. Мен машинадан жүгіріп шықтым, ер адам қиналып жатыр екен. Зардап шегушіге жақындап, аяғы зақымданғанын байқадым. Тексеру кезінде екі аяғының сынғаны анықталды. Жүргізушімен бірге әлгі кісіні зембілге салып алып, машинада алғашқы көмек көрсете бастадым. Оған ауырсынуды басатын дәрі ектім. Жүргізушімен бірге оны жылыту үшін көрпемен орадық. Содан кейін оның жағдайына қарап, Балқаш қаласы жақын екенін ескеріп, өзімздің қалалық ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдадық. Оны ауруханаға алып келіп, әрі қарай біздің дәрігер травматологтарға тапсырдық», - дейді акушер-гинеколог Заңғар Естаев.

Бүгінгі күні науқасқа екі сан сүйегі сынған деген диагноз қойылды. Жағдайы бірқалыпты. Апатқа ұшыраған ер адамды одан әрі медициналық көмек көрсету үшін санитарлық авиацияның көмегімен Қарағанды қаласының Х. Мақажанов атындағы клиникаға жеткізу жоспарланып отыр.

Заңғар Естаев - Алматы қаласының Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің 3-курс студенті. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Балқаш қаласының орталық ауруханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істейді.


Жоғары қарай