Ауа райы
Нұр-Сұлтан 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 378.93
EUR 423.00
RUB 5.87
CNY 54.82

Жаркентте шекарашы балабақшадағы бүлдіршіндерді өрттен құтқарды

2019 жылдың 23 қаңтар 2019 23:16 3109

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Жаркентте шекарашы Ерден Нұрақынов өртенген балабақшадан бүлдіршіндерді  аман алып қалды. Алайда оның ерлігі жайлы бір апта өткен соң ғана белгілі болып, әлеуметтік желілерде талқылана бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін Жаркентте балабақша өртенгені туралы жазған болатынбыз. Бұл  оқиғада «Қорғас» шекаралық бақылау бөлімінде орналасқан «Нұрлы жол» шекаралық бақылау бөлімшесінің 23 жастағы әскери қызметшісі  Ерден Нұрақынов ерлік көрсетті.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылдың 16 қаңтарында Жаркент қаласы Пушкин көшесіндегі жеке үйде орналасқан балабақшада кешкі сағат 17-18-дер шамасында  өрт шыққан. Отқа оранған ғимаратта балабақшаның тәрбиешілері, балалар мен ата аналары болған.

«Жақын маңнан өтіп бара жатқан Ерден Нұрақынов балабақшадан шыққан өртті байқап, бірден бүлдіршіндерді құтқаруға ұмтылады. Ол ең бірінші кезекте ас бөлмеге кіріп, онда үлкен газ баллонын көріп, оны  сыртқа шығарып үлгерген. Сосын ғимаратқа қайта кіріп, алдымен электр трансформаторын ажыратып, жалын шарпыған бөлмелерден балаларды алып шығуға жанталаса жүгіреді. Тілсіз жау өртке қарсы бөлімшенің күшімен жарты сағаттан соң сөндірілді. 79 адам өрттен құтқарылды, оның 59-ы балалар» делінген баспасөз баянында.

Осы оқиғадан бірнеше күн өткеннен кейін балабақша қызметкерлері мен ата-аналар Instagram, Whatsapp әлеуметтік желілері арқылы Ерден атты шекарашыға алғыстарын жаудырды.

Ерден Нұрақыновтың өзі болса бұл әрекетін ерлік деп санамайды. «Бұндай оқиғаға тап болған кез келген адам осындай қадам жасар еді»,- дейді ол.

 

 

 

Автор: Самал Қабышева
Басты сөздер: Оқиға, Алматы облысы,
Жоғары қарай