Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Жанкентте үш түрлі мәдениеттің болғанын айғақтайтын бұйымдар табылды

2019 жылдың 1 наурыз 2019 23:52

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -Қызылорда облысы Қазалы ауданында орын тепкен Жанкент шаһарында үш түрлі мәдениеттің болғанын айғақтайтын бұйымдар табылды. Бұл туралы Германиядағы Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Жанкент қалашығын Германияның Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке бастаған ғалымдар зерттеуде. Онда ғалымдар біздің тарихымыз үшін тың деректер болып табылатын көптеген құндылықтардың бетін ашуда.




«Жанкент қаласының тарихы сонау YII ғасырдан басталады. Табылған жәдігерлерге қарай отырып Жанкентте бірнеше этностар өмір сүрген деуге негіз бар. Қаладан үш түрлі мәдениеттің болғанын айғақтайтын бұйымдар табылды. Алдағы уақытта Жанкент қаласының сыртқы жағы зерттелмек. Жанкенттен көптеген аңдардың сүйектері табылды», - деді Германияның Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке Қызылордада өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы, мәдениетіндегі алар орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында.

Аталған конференцияға шетелдік және отандық түркітанушы ғалымдар қатысты. Олардың барлығы дерлік Сыр өңірінің тарихын, ежелгі дүниесін зерттеумен айналысып келеді.

Ғылыми конференцияда сөз алған түрік профессоры Хулия Касапоглу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүкіл түркі халықтарына арналғандығын айтты.




«Елбасы Н.Назарбаев - бүкіл түркі жұртының көшбасшысы. Біз де рухани жаңғырып жатырмыз. Ақмешіт астана болған кезеңде Алаш қайраткерлерінің алғашқы кітаптары осы жерде жарық көрген. Міржақып Дулатұлы іздеп келген, қиналған шәкірттеріне жалақысынан қаржы беріп отырған екен. Сыр өңірі - Алаш қайраткерлерінің атамекені», - деді Хулия Касапоглу.

Айта кетейік, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы көне тарихи деректерді жинақтауды бастады. Қазіргі таңда орталық мамандары Жүсіп Баласағұнның «Құтағду білік» дастанының 3 нұсқасы, «Қорқыт ата кітабының» Ватикан, Дрезден нұсқалары, қазақ хандарының қолжазба хаттары, Қалжан ахун медресесінен табылған көне кітаптарын жинақтап, оларды аудару және түсіндірме сөздігін жасау жұмыстарымен айналысуда. Алдағы уақытта аталған еңбектердің электронды және баспа түріндегі жинағы жарыққа шығады.

Жоғары қарай