Ауа райы
Нұр-Сұлтан 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 378.01
EUR 420.88
RUB 5.84
CNY 54.64

Жан басының табысы 10 теңгеге асып кетсе де әлеуметтік төлем берілмейді - Сапарбаев

2019 жылдың 5 наурыз 2019 17:57 1971

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атаулы әлеуметтік көмек бір үйде тұрып жатқан барлық адамның кірісі есептелініп барып беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында БАҚ өкілдері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа бірнеше сауал қойған болатын. Оның біріншісі зейнеттік жастағы ата-анасымен бірге тұратын көпбалалы отбасыларға қатысты болды. «Атаулы әлеуметтік көмек есептелген кезде олардың зейнетақысы назарға алына ма?», - деген сұрақ жолданды.

Бұл сауалға Бердібек Сапарбаев: «Зейнетақы есептелінеді», -  деп қысқа қайырды.

Тұрғылықты мекенжайға тіркеуге қатысты сауалға да министр қысқа қайырып, көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын жерде міндетті түрде тіркеуге тұруы тиістігін атап өтті.

Сондай-ақ ол жан басына шаққандағы табыс 20789 теңгеден 10-15 теңгеге асып кетсе, онда атаулы әлеуметтік көмек берілмейтіндігін ашық айтты. 

«Тәртіп солай. Солай деп бекітілген. 20 789 теңге. Одан асса, ілінбейді (атаулы әлеуметтік көмекке - авт)», - деді министр.

Баспасөз мәслихатына қатысқан вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова да атаулы әлеуметтік көмек берген кезде тәртіптің болуы тиістігін атап өтті.

«Қандай көмек беретін болсақ та, тәртіп болуы керек. Белгілі  шек болуы шарт. Отбасы бірге тұрғандықтан, бір үйде тұратындықтан барлық кіріс  есептеледі. Алтын алқа, Күміс алқа бойынша төлемдер, мүгедек бала күтіміне берілетін жәрдемақылар ғана есептелінбейді», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

 

 

 

 

 

Жоғары қарай