Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Жамбылдық тұрғын ауласында африкалық түйеқұс пен тауыс және жайын өсіруде

2019 жылдың 13 тамыз 2019 18:37

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының тұрғыны Нұрғиса мен Нұрбол Қуанышбаевтар ауласында африкалық түйеқұстарды асырап отыр. Сонымен қатар, үйлерінде әлемдегі ең әдемі құс тауыс пен Африканың алып балықтарының бірі жайынды да өсіруде,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында тұратын ағайынды Нұрғиса мен Нұрбол Қуанышбаевтардың ауласына кірсеңіз Африка саванналарында жүргендей сезінесіз. Ауыл тұрғындары ауласын зообаққа айналдырғандай. Өйткені, есік алдында бойы екі метрлік түйеқұстар жерсініп үлгерген десек қателеспейміз.

Олар бұл түйеқұстарды 3 айлығында Алматы арқылы Африкадан алдырған. Ағайынды қос жігіт мұндай алып құстарды ауыл тұрмақ, аймақ бойынша алғаш асыраушылар саналады.

«Түйеқұстарды біздің өңірде көп адам асырай бермейді. Осыны алып көрсек па деген мақсатта асырап жатырмыз. Күніне 10-15 келі тамақ тұтынады. Бір сиырдың жем-шөбін жеп қояды. Бірақ, сиырдың етіне қарағанда еті қымбат. Түйетауықтың еті Алматыда келісі 7-8 мың теңге. Бұлардың біреуі 3-4 жылда 150 кг ет береді. 3 жылдан кейін 10-15 жұмыртқадан беріп бастайды, жыл сайын көбейте береді»,- дейді Нұрғиса Қуанышбаев.




Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде салмағы 70 келіге жеткен алып құстар аса бір қамқорлықты қажет етпейді екен. Аумағы шағын, ашық алаңқайда жүре береді. Күн көзі күрт суыса да тез тоңа қоймайды. Бір қызығы бұлардың аталығы мен аналығын ажырату мүмкін емес. Оны білу үшін тағы 1 жыл керек көрінеді.

Айта кетейік, Нұрғиса мен Нұрбол қарақұрлықтың құстарымен қоса әлемдегі ең әдемі құс Үндістан тауысын да асырайды.

«Енді бұл біздің арманымыз болғандықтан арманымызға жетіп отырмыз. Хоббиіміз десек те болады. Бұл құстармен біз пайда көруді мақсат тұтпаймыз. Келешекте Үкіметтен көмек боп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Басқа да құстар алып келсек деп отырмыз»,- дейді Нұрбол Қуанышбай.

Ол ғана емес, Қуанышбаевтардың қолдан жасалған бассейндерінде Африканың жайындары да бар. Көпшілік тек көгілдір экраннан ғана көретін жайындардың ұзын-саны 70-тен асады. Қазір салмағы 2 келі болатын аналық жайындар тоғанға жіберілген. Олар кейін 20-30 келіге жететін көрінеді.

Осындай ерекше бастаманы қолға алған ағайынды ауылдықтар алдағы уақытта ауылдағы ауласын африкалық зообаққа айналдыруға ниетті.

Автор Ғибрат Сембай
Басты сөздер: Оқиға, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай